Денсаулық сақтау

Жыл басынан бері өңірде 150 адамнан ВИЧ-инфекциясы табылған

Жуық арада  ВИЧ-инфекциясына шалдыққан солтүстікқазақстандық балаларға  жәрдемақы төлене бастайды. Мұндай мәліметті облыстық СПИД-орталығының мамандары беріп отыр. Ал жыл басынан бері бұл кесел  150-ге тарта жерлесімізден анықталған. Статистика бойынша науқастардың тең жартысы дертті есірткіні бір инеден тамырға енгізу арқылы жұқтырған.

– Солтүстік Қазақстан облысында адамның иммундық тапшылығы вирусы, яғни ВИЧ инфекциясын жұқтырған алғашқы адам 1989 жылы тіркелген. Сол уақыттан бері індетке 1800-ден астам жерлесіміз шалдығыпты. Ал 2020 жыл басталғалы өңірде 150-ден астам жағдай анықталған. Індетті жұқтыру жайттары былтырғыға қарағанда биыл 6 проценке азайған.

Эпидемиологтардың айтуынша, ВИЧ-инфекцияланған солтүстікқазақстандықтардың 90 пайызы – 20 мен 49 жас аралығындағы адамдар. Олардың басым көпшілігі, нақтырақ, 70 пайызы – ер азаматтар. Дені Петропавлда тұрады, жұмыс істемейді. ВИЧ эпидемиясы әлемде осыдан 37 жыл бұрын басталғанымен ғалымдар оның дауасын әлі күнге дейін таба алмай келеді. Алайда, бұл диагнозбен де қалыпты өмір сүруге болады. Бастысы – вирустың белсенділігін төмендетіп, иммунитетті нығайтатын қымбат дәрілерлерді үзбей ішіп отыру. Өмір бойы.

Әлфия Оспанова, ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығының фтизиатр-дәрігері:

– Бұл дәрілер аурудың әрі қарай асқынуын тежейді және өмірдің ұзаруына септігін тигізеді. Дәріні уақытылы алып отырған науқастар 80 жасқа дейін өмір сүруі мүмкін.

Мамандар ВИЧ пен СПИД-ті бір ауру деп санау қателік дейді. Түбі бір болғанымен, айырмашылық бар. Алдымен адам ВИЧ-ті жұқтырады. Ал егер ем-дом қабылдамаса, вирус СПИД-ке ұласады. Бұл – дерттің соңғы сатысы, яғни иммунитет түпкілікті әлсіреп, өзге ауруға қарсы тұра алмайды.

Әлфия Оспанова, ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығының фтизиатр-дәрігері:

– Туберкулезбен ауыруы мүмкін, обырға шалдығуы мүмкін. Егер дәрілерді қабылдап отырса, СПИД-пен ауырғанның өзінде өмірді 11 жылға дейін ұзартуға болады.

Бұл кесел Қазақстанда қазына есебінен емделеді. Біздің өңірде дәрі-дәрімек жергілікті СПИД-орталығында тегін беріледі. Науқастар әр 3 ай сайын мұнда келіп, препараттарды алып, бақыланып отыруы тиіс. Мамандар ВИЧ-тің таралуын тоқтатудың жалғыз жолы – халықтың сауаттылығын арттыру дейді.

– Бүгінде бұл инфекцияны жұқтырудың 3 жолы белгілі. Алғашқысы – жыныстық, яғни ВИЧ-ті жұқтырған немесе СПИД-пен ауыратын науқастармен қорғалмаған жыныстық қатынасқа түсу. Екіншісі – парентеральді, яғни науқас қанының сау адамның денесіне түсуі. Үшіншісі – тік жол, яғни ВИЧ жұқтырған әйелдің жүктілік кезінде, босану және баланы емізу кезінде вирустың нәрестеге берілуі.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, дертке шалдыққан жерлестердің тең жартысы инфекцияны парентеральді жолмен жұқтырған, яғни есірткі я синтетикалық нашаны инемен тамырға енгізу арқылы. 44 пайызы – жыныстық қатынас кезінде, ал қалған 6 процентінің кім екені анықталған, бірақ қазір қайда жүргендері белгісіз. Дәрігерлер жыныстық қатынасқа түсерде, тіпті, қарапайым құлақ тесу, маникюр, татуировка жасау сияқты процедуралар кезінде де абай болу керек. Тиісті қауіпсіздік шараларын ұмытпау қажет. Егер сұлулық салонында шебердің қолданатын құрылғылары стерильді болмаған жағдайда инфекцияны жұқтыру қаупі аз болса да, бар. Ал ВИЧ инфекцияланған нәзікжанды өмірге сау бала әкеле алады, егер, әрине, препараттарды үзбей қабылдайтын болса.

Дана Ермекова – ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығының эпидемиолог-дәрігері:

– АИТВ қол алысу, құшақтасу, сүйісу, жөтелу, түшкіру арқылы, сілекей, тер, зәр арқылы егер оларда қан болмаса. Тамақ өнімдері, қоғамдық көліктегі тұтқалар, тиындар мен қағаз ақша арқылы да берілмейді.

Бұл жайлы мектептерде де, колледж-университеттерде де айтылады. СПИД-орталығындағылар профилактикалық кездесулерді 5-6 сыныптардан бастап жүргіземіз дейді. Мамандар эпидемияның өлкеде таралуын тоқтатуға барынша тырысуда. Айтпақшы, орталықта кез келген адам өзінің ВИЧ-статусын анықтай алады. Қан анализін тапсыру тегін. Ал дәріханалардағы экспресс-тесттер тиімді емес екен. Олар қате нәтиже беруі мүмкін.

Айман Сыздықова – ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығының бас дәрігері:

– Жаңа жағдай тіркелгенде дәрігерлер эпидемиологиялық тергеу жүргізеді. Науқастың қарым-қатынас ортасы анықталып, бәрі міндетті түрде ВИЧ-ке анализ тапсырады. Одан қалды, бізде арнайы аутрич-мамандар бар. Олар нашақорлармен, сексуалдық қызметтерді көрсететін адамдармен профилактикалық әңгімелер жүргізеді. Яғни, тәуекел топтарына инфекцияның таралу жолдары, одан қорғану тәсілдері туралы толық ақпарат береді.

Профилактика – маңызды. Өйткені, ВИЧ-инфекцияланған адам бұл статустан ғұмырының соңына дейін арыла алмайды. Мұндай науқастардың көбі өмірін күйзелісте өткізеді дейді Ғалия Баязитова. Сондықтан, оларға психологтардың ғана емес, қоғамның да қолдауы ауадай қажет.

Ғалия Баязитова – психолог:

– Егер адам қоғамға өшігіп алатын болса, ол басқа адамдарға ВИЧ – СПИД-ті әдейі жұқтыруы мүмкін. Жағымды ой қалыптастыру керек. Ондай адамдар да ортамызда болып, қалыпты өмір сүре алады, олар қарапайым адамдар деген ойға келтіруге болады.

Ал ВИЧ-инфекцияланған 18 жасқа дейінгі балалардың саны өңірімізде 15-ке жуықтайды. Бұл – өткен жылғы мәліметтер. Жақын болашақта оларға бөлек жәрдемақы тағайындалмақ. Қаражат облыс бюджетінен бөлінеді. Жуырда жергілікті мәслихат бастаманы қолдап, бекітті. Алайда, қаржылай қолдаудың қашан төлене бастайтыны әзірге белгісіз.

Саят Ермек