Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызметтік орынға жету үшін қолда анықтама қағазы болуы керек

Солтүстікқазақстандықтар қарашаның 9-ынан бастап өздерімен бірге жұмыс орнынан берілген анықтаманы алып жүрулері қажет. Кез келген уақытта тәртіп сақшылары келіп құжаттың бар-жоғын тексеруі мүмкін.

Осылайша, қала ішінде белгілі бір уақыттан кейін бейсауат жүруге шектеу қойылмақ. Яғни, таңғы 6-дан кешкі 10-ға дейін жүруге рұқсат бар. Дәрігерлер індеттің алдын алу мақсатында 65 жастан асқан жандарға барынша баспанадан шықпауға кеңес береді. Қажет болған жағдайда тек азық-түлік дүкендері, медициналық мекемелер мен дәріханаларға баруына болады.
Эпидахуалды ескере отырып, туған-туыс, көршілердің үйіне қонаққа баруға тыйым салынған. Тағы қоғамдық орындарда 3 адамнан көп топтасып жүруге шектеу қойылды. Бұл отбасы мүшелеріне қатысты емес. Сондай-ақ, беттен бетпердені шешпеу керек.

Арман Күшбасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Сауда орындарының жұмыс уақыты қысқартылды. Мұндай нысандар тұрғындарды таңғы 10-нан кешкі 8-ге дейін қабылдамақ. Тағы, спорттық ойындар, көрмелер, форумдар, мерекелік іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Ойын-сауық орталықтары, фуд-корттардың есігі уақытша жабылды. Демалыс күндері қоғамдық көлік жүрмейді. 

Маржан Касымбек