Мәдениет

Биыл Үкілі Ыбырайдың дүниеге келгеніне – 160 жыл

Халық сазгері, белгілі әнші, ақын-импровизатор Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы 40-қа жуық ән жазып қалдырған. Өнер әлемінде ойып тұрып орын алған жерлесіміздің / дүниеге келгеніне / биыл 160 жыл толып отыр. Осыған орай С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өнерпаз жандар мен жастардың қатысуымен жиын өткізілді.

“Гәкку” – қос ғашықтың бір-біріне деген кіршіксіз махаббатының белгісі. Бір сөзбен айтқанда, назды жүрекке жылулық беретін сезімге толы ән. Естіген сайын қайта-қайта естігің келіп, 12 мүшеңді балқытып жіберетін құдіретті туынды. Ел арасында кең тараған бұл шығарманы қазақ өнерінің сөнбес жұлдызы, жерлесіміз Үкілі Ыбырай жазған.

Серікбай Құсайынов – күйші, композитор:

– Ыбырайдың «Гәккуін» әлемге танытқан Күләш Байсейітова болды. Күләш өзін де танытты, өлеңді де биікке көтерді. «Гәкку»-дің керемет нұсқасын Иса Байзақов жазды.

Ал Сәбит Мұқанов «Гәкку»-дің мәтінін алғашқылардың бірі болып «Бостандық туы» газетіне жариялапты. Жерлесіміз өз мақаласында ақынның шығармашылығы туралы келелі пікір айтып, басқа да құнды туындылары жайлы жазған екен.

Маржан Қасымбек – тілші:

– «Қарақат көз», «Арарай», «Кідік-ай», «Дүние», «Шалқыма», тағысын тағы. Өз заманында әнші-сазгерлігімен аты шыққан Үкілі Ыбырай музыка мұрасына 40-қа жуық әнін қалдырды. Жерлесіміздің қаламынан туған туындылар әр түрлілігімен ерекшеленеді. Шығармаларының бірінде жастық дәуренді жырға қосса, екіншісінде табиғаттың көз тоймас көрінісін баяндайды.

Жанбай Қадыров – Kozybayev University профессоры:

– Үкілі Ыбырайды жақсы танитын Сәбит Мұқанов “Қарақат көзі” өлеңнің 50-60 ауыздай бар деген. Бәрінде “қарақат көз” деп бастаған. Бұл өлең қазіргі махаббатшылардың туындыларын маңайына отырғызбайды деп жазған.

Ақын жазған өлеңдердің құдіреттілігі соншалық, әлі күнге дейін маңыздылығын жоғалтпаған. Ал Үкілі Ыбырайдың композитор болып қалыптасуына Шөже, Біржан, Ақан серілердің қосқан үлесі мол. Ел аузында жерлесіміз жайлы тағы мынадай бір әңгіме бар.

Серікбай Құсайынов – күйші, композитор:

– 8 жасында бір кісі «мына домбыраны саған арнадым» деп лақтырып жіберді дейді. Осыдан кейін ән, өлең, күй ойыма қона бастады.

Халық сазгері, белгілі әнші, ақын-импровизатордың жолын қуып жүрген жастар шара соңында өлеңдерін оқыды.

Маржан Касымбек