Мәдениет

Әнші Данияр Құстановтың шығармашылық кеші өтті

Әсем әндер шырқалып, көркем би биленді. Жастар сарайында Ақан сері атындағы облыстық филармонияда әнші Данияр Құстановтың жеке шығармашылық кеші өтті. Концерт қазіргі ахуалға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылды.

Мерекелік концертті Данияр Құстанов Шөмішбай Сариевтің “Атамекен” патриоттық әнімен бастады. Кейін лирикалық, опералық, заманауи бағытқа көшті. Талантты жерлесіміз шарада тыңдармандарға өзін жаңаша қырынан көрсетті. Мәселен, 4 рет дуэт құрамында ән шырқап, фортепианода ойнады. Ол бұл концертке 3 айға жуық дайындалған екен. “Онлайн өтіп жатса да қобалжу бар”,- дейді Данияр Құстанов.

Данияр Құстанов – облыстық филармонияның әншісі:

– Сахнаға шығар алдында бойымызды әдеттегідей қобалжу сезімі билейді. Бұл, әрине, қалыпты жағдай. Бірақ, концерттің көрермендерсіз, олардың ыстық шапалағынсыз өтіп жатқаны өкінішті. Сонда да тыңдармандармен жүздесіп отырғандай әнді барынша жеткізіп, керемет атмосфера сыйлау үшін барымызды саламыз.

Концертте филармония әртістері әндерден бөлек, музыкалық аспаптардың көмегімен әсем әуендер де орындады. Ал мынау туынды “Одинокий пастух” деп аталады екен. Мұндай ерекше жиыннан Асхат Таушев пен жары Динара Таушева да шет қалмады. Өнерлі жұп Филипп Киркоров пен Анна Нетребконың репертуарындағы “Голос” әнін орындап шықты.

Асхат Таушев – облыстық филармонияның әншісі:

– Бұл әннің біздің өмірімізде алар орны ерекше. “Голос” әні дуэтіміздің, жалпы отбасымыздың пайда болуымен байланысты. Сол себепті, бүгінгі концертте осы туындыны орындауды жөн көрдік.

Керемет кешті тұрғындар өнер ордасының инстаграм парақшасынан тамашалай алады.

Казиканова Алтынай