МТРА жаңалықтары

Өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің саны 10 пайызға қысқарады

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өтті. Шара барысында мамандар мемлекеттік қызметтегі жаңа өзгерістер жайлы баяндады. Айтуларынша, облыста аталған салада 500-ден аса бос жұмыс орны бар екен. Президенттің тапсырмасына сәйкес қызметтен қысқарған жандар / сол орынға орналастырылады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің санын қысқартып, олардың жұмысын оңтайландыру қажет екенін тапсырған болатын. Биыл бұл бағытта өңірімізде шаруалар басталып кетті. Ағымдағы жылы облыстағы мемлекеттік қызметшілердің саны 10 пайызға қысқарады екен. Айтуларынша оңтайландыру шараларынан кейін жұмыссыз қалған жандар бос вакантты орындарға орналастырылады.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Қазіргі облысымызда 500-ден аса бос жұмыс орны бар. Қызметінен босағандардың әлеуметтік құқығын қадағалау бойынша департамент бақылау жүргізеді. Айта кеткен жөн, біз биыл өңірдегі 8 басқарманы біріктіру бойынша қайта құру шарасын жүргіздік. Осылайша басқармалар саны 23-тен 20-ға дейін қысқарды.

Биыл мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі де өзгеріпті. Байқауға қатысушылар құжаттарын үйден шықпай-ақ электронды портал арқылы жібереді. Сонымен қатар, мамандардың жұмысқа тұрарда онлайн сұхбаттасуға мүмкіндіктері бар.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бұрын үміткерлер байқауға қатысу үшін 10-ға жуық құжат дайындаулары қажет еді. Соның өзінде сыннан өте ме, жоқ па белгісіз болатын. Ал қазір жағдай өзгерді. Мемлекеттік қызметке орналасамын деушілер тек дипломы мен қызмет тізімінің көшірмесін жолдаса жеткілікті. Қалған құжаттарды конкурстық комиссияның мақұлдауынан кейін ғана жинайды.

Байқаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қадағалаушылардың ең төменгі жас ерекшелігі 18 деп бекітілді. Енді кәмелеттік жасқа толған кез келген азамат конкурсқа бақылаушы бола алады.

Бердимурат Баймухан