Қоғам

“Харекет” қайырымдылық қорының өкілдері 322-ші баспананың кілтін табыстады

Қымбат Сайдалина есімді азаматша 10 жылдан бері жалдамалы үйде тұрып келген. Соңғы жылдары қаржысы оған да жетпей  туыстарының саяжайына қоныс аударады. Жалғызбасты ананың көптен күткен арманы орындалды. Кеше “Харекет” қайырымдылық қорының өкілдері 3 ұлды бір өзі асырап отырған қала тұрғынына жаңа пәтердің кілтін табыс етті.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Біз Петропавлдағы саяжайлардың бірінде тұрмыз. Бұл маңда Қымбат апай өзінің 3 баласымен өмір сүріп жатыр. Бірер минуттардан соң “Харекет” қайырымдылық қорының өкілдерімен бірге ол кісінің өзімен жүздесіп, жаңа баспананың кілтін табыс етпекшіміз.

Көп күтпей Қымбат Сайдалинаның үйіне де келіп қалдық. Ол осындай бір бөлмелі шағын баспанада тұрады екен. Бүгін нәзікжанды үшін қуанышты күн. Қонаққа келген қайырымды жандар оған 2 бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартты.

Жерлесіміздің қуанышында шек жоқ. Нәзікжанды 10 жылдан бері баспана жалдап келген. Қаржы жағынан қиындық көрген соң былтыр туыстарының саяжайына келіп тұрақтапты. Күйеуімен ажырасқан, 3 баласын өзі жалғыз асырап отыр. Ұлдарының барлығы мектепте оқиды. Сабаққа бару үшін саяжайдан қалаға жетудің өзі біраз машақат дейді.

Қымбат Сайдалина – қала тұрғыны:

– Аудармашы болып жұмыс істеймін. Осы уақытқа дейін үй жалдап тұрдым. Баспанаға қаржы жинайын деп ТҚЖБ-дан есеп аштым. Бірақ, салатын ақша жоқ. Жалақы тамағымыздан артылмайды. Тіпті, балаларды киіндіру үшін жыл сайын несие аламын.

Айта кетейік, “Харекет” қоры республика бойынша бүгін 322-ші баспананың кілтін табыстап жатыр. Қайырымдылық қоры құрылғалы бері өңірімізде жаңа пәтерге 9 отбасы ие болған.

Бақдәулет Сапарханов – “Харекет” қайырымдылық қорының СҚО бойынша өкілі:

– Жалпы, бұл әпкеміз туралы ақпаратты әлеуметтік қызметкерлер арқылы білдік. Солардан бүкіл ақпаратты алғаннан соң келіп құжаттарды тексеріп, жағдайымен танысып, баспана береміз деп шештік.

Қазір “Харекет” қорының өкілдері баспананың құжаттарын рәсімдеп жатыр. Қайырымды жандар мектепке жақын болсын деп үйді шаһардың 20-шы ықшам ауданынан таңдапты. Тиісті шаруа аяқталған соң Қымбат Сайдалина жақын арада құтты баспанасына көшеді.

Бердімұрат Баймұқан