Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Claas” компаниясының техникасы жарты бағаға сатылады

3 млрд теңге. Бұл – Қазақстанда ең алғаш болып  Петропавлда бой көтеретін Claas компаниясының кәсіпорнына жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы көлемі. Қаражатқа инженерлік желілер тартылып, өндіріс ошағы тұрғызылуда. Зауыт неміс стандартына сай салынып жатыр. Құрылыстың әрбір кезеңін Германиядағы серіктестер қатаң бақылауға алған. Тамыз айынан бері мамандар жобаға бірнеше мәрте өзгеріс енгізіпті. Учаскедегі шаруа барысына бүгін өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов өз бағасын берді.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Бұл – Береке ықшам ауданының сиқын қашырып тұрған нысандардың бірі еді. Ғимараттың құрылысы осыдан 35 жыл бұрын басталып, сол күйі бітпей қалды. Былтыр қаңырап бос тұрған нысанды жергілікті әкімдік бар-жоғы 30 млн теңгеге сатып алды. Келесі жылдан бастап мұнда әлемдік брендке айналған «Claas» компаниясының зауыты жайғасатын болады.

Болашақ зауыттың құрылысы ағымдағы жылдың тамызында бастау алды. Осы аралықта демонтаждауға жататын шаруаның барлығы тәмамдалыпты. Атап айтар болсақ, мамандар бұрыннан бері тұрған бағаналарды бекітіп, төбесін ауыстырған. Қазір қабырғаларын көтеруге кіріскен. Оны мердігерлер сэндвич-панельдерден салып жатыр. Қарашаның соңына дейін еден де толық дайын болады. 3 қабаттан тұратын жабындының жалпы биіктігі 50 см-ді құрайды. Оның 35-і бетоннан құйылуда.

Мұрат Харсиев – «Құрылыс Сервис СК» ЖШС құрылтайшысы:

– Учаскеде 35 адам еңбектенуде. Дені сэндвич-панельдерді салып, еденді құюға жұмылдырылған. Жұмыс қолы, техника мен құрылыс материалдары жеткілікті. Шаруа жоспарға сай жүріп жатыр. Ғимаратқа барлық коммуникациялар тартылған. Нысанның құрылысын келесі жылдың мамырында аяқтап, компанияға өткізуге тырысамыз.

Кәсіпорынды тұрғызуға бюджеттен 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Құрылыс аяқталғаннан кейін әкімдік ғимаратқа 1,2 шақырым болатын темір жол тартуды жоспарлап отыр. Ал өндіріске қажет қондырғылардың барлығын неміс компаниясы өздері көтереді. Ауқымды жұмыстың жемісін алғашқылардың бірі болып келесі жылы диқандарымыз көретін болады. Күзгі орақ науқанында аграрийлер біздің өлкеде құрастырылған комбайндарды тізгіндемек. Мұндай нәтижеге жету оңайға түспеді. Облыс әкімдігі әлемдік нарықта сапалы, заманауи ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын екі компаниямен келіссөз жүргізіпті. Бірі – Джондир, екіншісі – Claas. Бірақ, американдықтар ұсынысқа қызығушылық танытпай, бас тартыпты. Ал неміс кәсіпорны жобаны екі жаққа да пайдалы деп тапқан.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Claas компаниясының техникасымен біздің диқандар 20 жылдан аса уақыт пайдаланып келеді. Олар сапалы әрі бағасы қолжетімді. Өндіріс ошағын іске қосқаннан кейін 100 адамды жұмыспен қамтимыз. Жылына 300 бірлік техника шығарылмақ. Ол: трактор, комбайн мен кешендер.

Claas компаниясына қойылған бірқатар талап бар. Жергілікті жерде техниканы құрастыру жеткілікті емес. Комбайн, трактор мен кешендерді жинауға қажет бөлшектердің 30-50 пайызын Қазақстанда шығару керек. Қазір неміс серіктестер бұл шаруаны қолға алып жатыр. Айта кететін маңызды жайт, ауыл шаруашылығы техникасы ел аграрийлеріне жарты бағаға саудаланатын болады. Мәселен, қазір диқандар комбайнды 140 млн теңгеге алып жүрсе, келесі жылы ол үшін 70 млн төлемек.  

Эльмира Садвокасова