Құқық қорғау органдары

Петропавлда 2 бірдей баукеспе құрықталды

Петропавлға жұмыс істеу үшін келіп, ұрлықпен айналысқан. Жақында полицейлер Ақмола облысының қос тұрғынын құрықтады. Екеуі  қалада адамдарды тонап, көліктерге түскен.

Абай көшесімен түнделетіп келе жатқан 35 жас шамасындағы қала тұрғынына белгісіз біреулер тарпа бас салған. Қолындағы сөмкесін жұлып алып, телефонын да қолды қылыпты. Жедел ақпар түсе салысымен полицейлер іздеу шарасына кіріседі. Бейнебақылау камераларын қарап, ұрыларды тапты. 89 бен 95-ші жылғы жігіттер – Ақмола облысының тұрғындары. Екеуінің адам тонаудан басқа тағы көлікке түскендері де белгілі болды.

Күдікті:

– Машиналар туралы айтып берсеңіз? – Түнде көлікті қалай іздеп таба алдыңыз, немен аштыңыз? – Мен таңдаған жоқпын. – Кім таңдады? – Ешкім таңдаған жоқ, жолыққанын аштық.

Баукеспелер қолды қылған дүниелерін “Изумруд” саяжай қауымдастығындағы үйлердің бірінде сақтап жүріпті. Бұл жерден үй кілттерінің жиынтығы, магнитола, автоколонка, балық аулау құралдары мен зергердің арнайы көзілдірігі сынды заттар табылған. Екі жігіт Петропавлға жұмыс істеуге келгендерін айтқан, танысының саяжайында тұрып келген көрінеді. Қазір бұл фактіге қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Нұргүл Сайдалина – қалалық ПБ бірінші полиция бөлімінің тергеушісі:

–  Ақмола облысының 1989 жылы туған тұрғыны ұсталды. Тергеу барысында оның осыған дейін де жасалған ұрлықтарға қатысы бар екендігі анықталды. Ол Ақмола облысы 1995 жылы туған танысымен ауладағы тұрған көліктерді бұзып ашып, ішіндегі бағалы заттарды ұрлаған.

Бұл фактіге қатысты ҚР ҚК-тің 2 бірдей бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ұрланған мүлік тәркіленіп, иелеріне қайтарылды.

Бисенова Жанна