Мәдениет

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрме өтуде

Қос бірдей мерейтойға арналған  тарихи-танымдық шара. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Абай Құнанбаев пен Сәбит Мұқановтың  өмірбаяны мен шығармашылығы туралы көрме өтуде. Тіпті, жерлес жазушының фосуреттері мен Қытайдан  асыл жары Мәриямға әдейілеп алып келген сыйлығы да ұсынылыпты. Көрмені музейдің сайты арқылы онлайн тамашалауға болады.

Облыстық тарихи-өлкетану музейіне кіре бергенде мынадай көрініске көзің түседі. Нысанның төр жағына жерлесіміз Сәбит Мұқановтың фотосуреттері қойылыпты. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев, жазушы Ғабит Мүсірепов, орыс қаламгері Иван Шухов және Сәбеңнің жора-жолдастары, әріптестерімен түскен естеліктері бар.

Гүлжаухар Сәдуақасова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:

– 1952 жылы отбасымен түскен суреті қойылып отыр. Мәриям анамыз 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, 47 жыл отасқан болатын. Мәриям апа өмірінің соңына дейін жазушы туралы көптеген мәліметтер беріп кетті. «Менің Сәбитім» деген естелік кітабы да жарық көрген болатын. Кезінде Сәкен Сейфуллин мен Бауыржан Момышұлы Мәриям апаны қазақтың «Сұлушашы» деп атаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ел анасы – Мәриям» деп құрмет берген.

Көрмедегі әр сурет жерлесіміздің қадірлі болғандығын айқындай түседі. Ал киімдері Сәбит Мұқановтың ұстамдылығын білдіретіндей. Шляпа, классикалық үлгідегі костюм, таза теріден жасалған аяқ киім. Бұл -20-шы ғасырдың ортасында сәнді болған киім үлгілері.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Ал мына төсек жапқышты Сәбит Мұқанов Қытайға барған сапарында сүйікті жары Мәриямға арнап сатып алыпты. Бұл дүние жібектен жасалған. Оны жазушы көз жұмған жылдары Мәриям анамыз Сәбит Мұқанов ауданындағы музейге тапсырған екен.

Адамға рухани азық беретін туындылар да жоқ емес. «Мөлдір махаббат», «Сұлушаш», «Өмір мектебі». Сәбеңнің терең мағыналы кітаптарын оқырмандар сүйіп оқиды. Жерлесіміздің шығармаларымен сусындаған соң, екінші қабатқа көтерілдік. Мұнда Абай Құнанбаев жазған кітаптар мен аудармалар көрмесі қанат жайған.

Гүлжаухар Сәдуақасова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:

– Абай Құнанбаев қазақ халқын орыс классиктері мен ақын-жазушыларының еңбектерімен таныстыру мақсатында Лермонтов, Пушкиннің еңбектерін қазақ тіліне аударған. Мұнда Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының электронды нұсқасы қойылған.

Солтүстікқазақстандықтар көрмені жыл соңына дейін тамашалай алады.

Маржан Қасымбек