МТРА жаңалықтары

Өңірге іссапармен вице-премьер Ералы Тоғжанов келді

Петропавлда 200 орынға шақталған инфекциялық аурухана қолданысқа тапсырылды. Стационар 3 ай ішінде салынып, қажетті қондырғылармен жарақталды. Емдеу мекемесінде жасалған жағдаймен  өңірге іссапармен келген вице-премьер Ералы Тоғжанов танысты. COVID-19-дың таралуына жол бермеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия төрағасы көпбейінді аурухананың құрылыс барысы мен медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын да байқады.

Облыстық балалар ауруханасына цифрлық рентген осыдан 3 жыл бұрын орнатылыпты. Бірақ, аппараттың маңыздылығы пандемия кезінде тіптен артқан. Қондырғының кескін жасап, диагноз қоюда ғана емес, коронавирус пен пневмонияны анықтауда да көмегі зор.

Олег Завьялов – облыстық көпбейінді балалар ауруханасы:

– Аппарат өте ыңғайлы, заман талабына сай. Цифрлық рентген болғандықтан, жасаған кескіндерді үлкейтіп қарауға мүмкіндік бар. Күніне орташа есеппен 30-ға жуық адам қабылдай аламыз.

Ал мына компьютерлік томографты ақ халатты абзал жандар коронавирусты анықтаудың алтын стандарты дейді. Елімізді ковид-19 жайлағаннан бері мамандар 1500 зерттеу жасаған. Оның ішінде 500 науқас көкірек қуысын тексерткен. Соңғы жылдары материалдық-техникалық базаны жаңартып, нығайтуға көп көңіл бөлінуде. Ендігі мақсат – кадр тапшылығын жою.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Университетті бітірген жастар 1,5 млн теңге көлемінде көтермеақы алады. Ал резидентурада оқып жүргендер тәмамдағаннан кейін алады. Сондай-ақ, баспаналы боламын деген мамандарға 1 млн теңге көлемінде тұрғын-үй сертификатын береміз. Биыл келемін деген 100-ден аса жас маманды күтіп отырмыз.

Жас мамандарды қолдауға бағытталған шаралар нәтижесін беруде. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының өзіне 1 хирург жұмысқа тұрған. Тағы емдеу мекемесінде Нұр-Сұлтан қаласында оқитын 6 резидент тәжірибе жинақтап жүр. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін, ақ халаттылар еңбек жолын дәл осы жерден бастайды. Кейін вице-премьер Ералы Тоғжанов су жаңа инфекциялық ауруханаға ат басын бұрды. Емдеу мекемесі 3 ай ішінде тұрғызылып, қолданысқа тапсырылды.

Валерий Пугачев – жоба жетекшісі:

– Нысан 4 блоктан тұрады. Аурухана палаталары 180 орынға шақталған. Науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қабылдау бөлмесі жеке бокстардан тұрады. Ғимарат лас және таза аймаққа бөлінген.

Инфекциялық ауруханының ерекшелігі сол – ғимаратта ағынды-сорғылы желдету жүйесі бар. Яғни, бөлмедегі ауа есікті ашып-жапқанда сыртқа шықпайды. Бұл медициналық қызметкерлерді дерттен қорғауға сеп болмақ. Нысанда ИВЛ аппараттары мен компьютерлік томограф бар. Оған қоса, әрбір төсек-орын оттегі концентраторына қосылған. Науқастарды үздіксіз оттегімен қамту үшін мұнда станция орнатылған.

Қаныш Бижанов – облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының бас дәрігері:

– Көлемі – 8 тонна. Егер жүктеме 100 пайызды құрап, барлық науқастар оттегі концентраторларына қосылатын болса, онда аптасына бір рет толтырып тұру керек.

Стационардың жұмысы егжей-тегжейлі жоспарланған. Мәселен, жедел жәрдем машиналары бір жерге келіп тоқтамайды. Көлік науқасты бірден қабылдау бөлмесіндегі жекелей орналасқан боксқа жеткізеді.

Қаныш Бижанов – облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының бас дәрігері:

– Біз науқастарды қабылдап, олардың жағдайын тексереміз. Алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Егер госпитализацияны қажет етпесе, үйіне қайтарамыз. Әйтпеген жағдайда қосымша тексеріс тағайындаймыз.

Инфекциялық стационардағы жұмыс толық аяқталып, қазір ақ халаттылар науқастарды қабылдауға даяр отыр. Ал көшенің ар жағындағы алаңда – шаруа қызу. Мұнда барлық халықаралық стандарттарға жауап беретін көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің мақсатымыз – тұрғындарға жергілікті жерде сапалы медициналық көмек көрсету. Олар қазір Ресейдің Омбы, Түмен мен Қорған қалаларына баратын. Ал енді керісінше барлығы бізге келетін болады. Ең озық, соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықтаймыз.

Шаруаға жауапты «BI Group» компаниясы қазір нысанның іргетасын қалауға кіріскен. Нысанның аумағы 71 мың шаршы метрді құрамақ. Сондықтан, құрылысты мердігерлер 2022 жылдың соңында аяқтауды жоспарлап отыр. Солтүстік өлке – алдыңғы қатарлы жобалардың мекеніне айналуда. Қызылжар ауданына қарасты Петерфельдтегі «Қызылжар Абай орта мектебін» бірегей жоба деуге болады. Оқу ұясы күллі республикаға танылды. Себебі, ауылды жердегі білім ошағы бір жазда 180 градусқа өзгеріп, оқушылардың ғана емес, елді мекендіктердің бос уақытын пайдалы өткізетін орынға айналды.

Руслан Кенжеханұлы- Bilim media group компаниясының басшысы:

– Мақсатымыз – тек балаларға емес, бүкіл ауыл халқына қызмет ететін жаңалықтың, мәдениеттің, жасапаздықтың ошағына айналдыру. Үлкен спорт кешені болады. Мектеп алаңын да толық қалыпқа келтіреміз.

Қарапайым білім ошағын  қауымдастық мектебіне айналдыру бір мезеттік іс емес. Сондықтан, жоба авторлары ауқымды зерттеу жұмысын жүргізіп, барша тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруды көздеген. Мақсатқа жетуге Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы көмекке келген.

Күләш Шәмшидинова – Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ Басқарма төрайымы:

– Мұғалімдердің сабақтарына қатысып, оқушылардан, ата-аналар арасында сауалнама жүргіздік. Не қажет екенін анықтадық. Екі мәселе көтерілді – ұстаздардың кәсібилігін арттыру және нысанды жөндеу.

Екі тілек 100 пайыз орындалды. Барлық педагог қауым курстан өтіп, кәсіби біліктіліктерін шыңдады, тәжірибе жинақтады. Ал білім ошағы баланың оқуға ынтасын арттыратындай өзгертілді. Кабинеттерді жабдықтауға ерекше мән берілді. Ұл-қыздарға әрбір пән бойынша жаңа тақырыпты түсіндіруге қандай құрылғы не қондырғы керек – мұнда бәрі бар. Цифрлық технологиялардың да соңғы үлгісі алынған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл – мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында жұмыс істейтін еліміздегі алғашқы мектеп. Инвестор өзінің 300 млн теңге қаражатын салып, Назарбаев Зияткерлік мектебінің принципімен жұмыс істейтін білім ошағына айналдырды.

Әзірге, оқушылар мектептегі өзгерістерді сезінген жоқ. Ұл-қыздар қашықтықтан білім алуда. Мұндай формат әлі де жалғасын таппақ. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Вице-премьер Ералы Тоғжановтың сөзінше, кейбір аудандарда ковид-19-ға шалдыққан науқастардың саны қыркүйекпен салыстырғанда 4,7 есеге өскен. Салдарынан қарашаның 9-ынан бастап аймақта бірқатар шектеулер енгізіледі. Жаңа талап халықаралық және транзиттік жүк көліктерінің жүргізушілеріне қатысты. Азаматтар шекара асу үшін міндетті түрде ПТР тест тапсырулары тиіс. Теріс нәтижесі бар анықтаманың мерзімі 3 күнге ғана жарамды. Құжат болмаған жағдайда олар сараптамаға жіберіліп, қортындысын 2 күн бойы карантиндік стационарда күтетін болады. Бұл соңы емес.

Қарашаның 9-ынан бастап:

– Петропавл қаласында қаланың периметрі бойынша блок-бекеттер орната отырып карантин енгізіледі;
– күн сайынғы өсімі 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарлық блок-бекеттер орнатылады;
– Петропавл-Алматы бағыты бойынша теміржол тасымалдары аптасына 7-ден 3 ретке дейін қысқартылады;
– облыс ішінде жолаушылар темір жол құрамдарының аялдауына тыйым салынады;
– Петропавл қаласынан шығатын әуе жолаушылары үшін теріс нәтижесі бар ПТР анықтамасының (берілген сәттен бастап 3 тәуліктен аспайтын) болуы міндеттеледіі;
– діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметі тоқтатылады.

Еңбеккерлердің 80 пайызы қайтадан онлайн форматқа ауысады. Офлайн отырыс дегенді де енді ұмытқан жөн. Демалыс күндері дүкен мен дәріхана сынды аса маңызды нысандардан өзгелері шаруаларын тоқтатады. Тамақтану орындары мен сауда орталықтарының дүйсенбі мен жұма аралығындағы жұмыс режимі қысқарды. Олар халықты тек таңғы 8-ден кешкі 9-ға дейін қабылдайтын болады.

Эльмира Садвокасова