МТРА жаңалықтары

Астық жинау науқаны қорытындыланды

Бүгін облыс әкімдігінің отырысында астық жинау науқаны қорытындыланды. Шара барысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалана алмайтын шаруаларды сынға алды. Облыс әкімінің айтуынша ауыл шаруашылығында нәтиже көрсете алмаған аграрийлер субсидияланбауы тиіс. Сондай-ақ, жиында өңір жолдарын қауырт маусымда қардан тазалау мәселесі талқыланды.

Биыл жазда жауын-шашын аз болды. Метеоролог мамандардың зерттеуінше жерге тамған жауынның мөлшері өткен жылдан 32 пайызға кем екен. Бірақ, соның өзінде аймақ диқаншылары жақсы көрсеткішке қол жеткізді дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов. Айтуынша аграрийлер 4,5 млн тонна дәнді және 786 мың тонна майлы дақыл жинапты.

Ерболат Бекшенов – облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Өңіріміздің аграрийлері облыс бойынша ауылшаруашылығы өнімінің 4,1 бөлігін өндіреді. 9 айдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 4,3 пайызға өсіп 628 млрд теңгені құрады. «Импорттық алмастыру» бағдарламасы шеңберінде қарақұмық егісі 2,5 есеге, ал бұршақ дақылдылары 3,1 есеге ұлғайды.

Биыл ауыл шаруашылығын дамытуға қазынадан 48,6 млрд теңге бағытталыпты. Диқандар алған қаражаттың бір бөлігіне табиғаттың қатаң мінезі мен түрлі ауруларға шыдас беретін тұқым еккен. Осылайша биыл жергілікті шаруалар элиталық және супер элиталық 50 мың тоннаға жуық дән сіңірген. Атқарылған шаруаға облыс әкімі Құмар Ақсақалов өз бағасын берді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өздерінің іскерлігі мен тәжірибелерінің арқасында диқандарымыз жақсы нәтиже көрсетті. Осылайша елдің басты астықты өлкесі деген мәртебемізді республика көлемінде тағы бір рет дәлелдедік. Осы үшін аграрийлерге алғысымызды білдіремін.

Мемлекеттік қолдаумен қатар ауыл шаруашылығына бағытталған инвестиция көлемі де артты. Жыл басынан бері облысқа 87 млрд теңге қаржы құйылған екен. Мемлекет шаруаларды субсидиямен де демеп отыр. Бірақ, қолға түскен қаржыны дұрыс пайдаланбай, егіс науқанына дайындалмайтын агроқұрылымдар бар дейді Құмар Ақсақалов. Яғни мамандар алқаптарда ылғалды ұстау жұмыстарын жүргізбеген, тыңайтқыш сеппеген, техникасын дайындамаған және дәнді жаңартпаған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз субсидияны барлығына бірдей үлестіре береміз, бұл дұрыс емес. Енді ақша тек жұмыс істеймін, дамимын деген шаруаларға ғана берілетін болады. Істі қолға алдың ба, соңына дейін аяқтап, нәтиже көрсетуің тиіс. Кейбір диқандар берекелі жылдардың өзінде гектарынан 10 центнер ғана өнім алған кездер болды. Ондай жандар субсидия алмауы тиіс.

Облыс әкімі субсидияға мал және егін шаруашылығында оң нәтиже көрсетіп жүрген азаматтар қол жеткізеді дейді. Ол үшін адал еңбек ету керек. Құмар Ақсақалов кәсіпті дамыту үшін жұмысшыларға жағдай жасау қажеттігін жеткізді. Бұл – ең алдымен кадр мәселесі. Тұрақтылықта береке болады дегендей мамандарды бір орында ұстап қалу маңызды. Қызметкерлерді оқу курстарынан өткізіп, жалақыларын көтеру қажет деді аймақ басшысы. Сонда мемлекеттен қолдау болады.
Астық жинау науқаны қорытындыланғаннан кейін күн тәртібіне облыс жолдарының қысқа дайындық мәселесі шығарылды. Жалпы, Солтүстік Қазақстан өңірі автомобиль жолдарының ұзындығы бойынша республикада 3-ші орында екен. Барлығы – 9 мың шақырым жол. Биыл оны қыста күтіп ұстау үшін 943 млн теңге қарастырылып отыр.

Мақсат Баяхметов – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Көктайғаққа қарсы 3900 тонна материал әзірленді. Сондай-ақ, облысымызда қар ұстап қалатын 549 учаске бар. Қыс уақытында көп күш облыс орталығын ақ ұлпадан тазартуға жұмсалады. Осыған орай биыл арнайы техника мен жұмысшылардың санын 20 пайызға өсірдік.

Аймақ басшысы аудан әкімдеріне ауылдарға апарар жолдың барлығын қыста таза ұстау қажеттігін тапсырды. Тұрғындар қауырт маусымда еш кедергісіз жүріп тұрулары тиіс. Тағы мамандарға жұмыстарын түсінікті тілмен жеткізу үшін қоғамдық карта құруды жүктеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Пәленше куб қар, түгендей тонна құм деген пайдасыз терминдер адамды жалықтырып жібереді. Сандармен құр мақтана бергенше оны дұрыстап түсіндіре алуымыз қажет. Сол үшін сіздерге қаладағы қар тазалау жұмыстарының қоғамдық картасын құруды тапсырамын. Мұнда қай көшеде немесе қай ықшам ауданда қар тазаланғаны жайлы ақпарат болады.

Ақ ұлпа қыс басталғаннан көктемге дейін үздіксіз тазаланып отырсын. Бұл – Құмар Ақсақаловтың мамандарға жүктеген тапсырмасы. Аймақ басшысы ПИК төрағалары мен кәсіпкерлерге де қауырт маусымда қарды аула маңынан шығарып отыру маңызды екенін жеткізді.

Бердимурат Баймухан