МТРА жаңалықтары

“Ашық әкімдік” Есіл ауданында ашылды

Есіл ауданының әкімдігі халыққа жақындай түсті. Бүгін Явленкада “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі ашылды. Бұқараның сауалдарына жауап қатып, мәселелерін шешіп беретін мұндай офистер енді өңірдегі барлық аудан орталықтарында бар. Ал Есіл ауданының басшысы Алтынбек Абдоллаев қаңтардан бастап азаматтарды қабылдау кестесін мүлдем алып тастамақшы. Әкім ауылдықтармен белгілі бір күндері ғана емес, кез келген сәтте кездесуге дайын екенін айтты.

Сағат таңғы 9-дан кешкі 6 жарымға дейін фронт-кеңсенің есігі Есіл ауданының тұрғындары үшін ашық. Талапқа сай, офис әкімдіктің бірінші қабатында орналасқан. 6 маман отырады. Әрқайсысы бөлек-бөлек салаға жауапты. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жалпы саны – 64. Ауылдықтар баласын балабақшаға кезекке қоя алады, жәрдемақы рәсімдей алады, жер телімін атына аударып, құрылысқа рұқсат та ала алады.

Гүлсара Әбілқасова – Есіл аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімнің бас маманы:

– Егер сіздің жеріңіз болса, құрылысқа рұқсат алу үшін телімнің құжаттарын сканерден өткізіп, ЭЦҚ алып, бізге келуіңізге болады. Осы жерде біз көмектесеміз. “Connection point”-қа отырғызып, үйретеміз.

Биыл ел бойынша мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электрондық форматқа көшірілді. Яғни, анықтама-рұқсатнамалардың дені “e.gov” порталы арқылы ғана беріледі. Интернеті жоқ яки оның тілін білмейтіндерге де атқарушы билік көмектесуге дайын. Өзіне өзі қызмет көрсету аймағы мұнда да бар. Оның тиімділігіне шүбә келтірмеуге болады. Өзіміз тексеріп көрдік. Маманның нұсқауымен бірнеше минуттың ішінде қажетті қағазды рәсімдеп, принтерден шығарып алдық.

“Connection point” аудандағы барлық елді мекендерге орнатылған. Ең шалғай ауылдың Явленкадан 80 шақырым жерде орналасқанын ескерсек, бір парақ қағаз үшін бұқараға мұндай қашықтықты еңсерудің қажеті жоқ. Бірақ, проблема – интернеттің әлсіздігінде. Желінің ауылдардағы жылдамдығы секундына 2 мегабиттен аспайды. Бұл өте аз. Ал, мәселен, Қараталда интернет түгілі, мобильді байланыс ұстамайды. Есілдік шенеуніктер мәселені жуық арада біржақты етеміз деп сендірді.

Ержан Мұстафин – Есіл ауданы әкімінің аппарат басшысы:

– “Биыл бізде “Beeline” орталығымен келісім бар. Ол ауылдарға өз антенналарын орнатады. Осының арқасында мобильдік интернеттің сапасы жақсарып, адамдар мемлекеттік қызметтерді телефон арқылы рәсімдей алатын болады.

Ал бұл – халықты жеке сұрақтармен қабылдайтын жаңа орын. Аудан әкімі мен оның орынбасарлары жұртшылықты кабинетте емес, енді жұрт алдында тыңдайтын болады.

Ержан Мұстафин – Есіл ауданы әкімінің аппарат басшысы:

– Бұған дейін жабық кабинеттерде қабылдады. Ал қазір қабылдау осында өтеді. Адамдармен жұрттың алдында отырып сөйлеседі. Жабық болмайды, ашық болады. Бейнекамера орнаттық, ол жеке қабылдауды жазып отырады.

Ол-ол ма, аудан атқамінері Алтынбек Абдоллаев мырза жаңа жылдан бастап азаматтарды жаңаша қабылдамақ ниетте. Аптасына екі рет, пәленше сағаттан түгенше сағатқа дейін деген шектеуді мүлде алып тастамақшы. Әкім азаматтармен күнде кездесуге дайын.

Ержан Мұстафин – Есіл ауданы әкімінің аппарат басшысы қаз:

– Әкімге хабарлаймыз, ол екінші қабаттан түсіп, осында келеді.

Айтпақшы, Есіл – “Ашық әкімдікті” іске қосып, ашықтыққа бет бұрған 14-ші, соңғы аудан. Енді мұндай фронт-кеңселер облыстың барлық әкімшілік орталықтарында бар.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Ең басты мақсатымыз – жергілікті мемлекеттік органдар беретін қызметтерді ыңғайлы әрі қолайлы форматта ұсыну. Президенттің “еститін мемлекет” деген концепциясының нақты түрде іске асырылуы. Ашық болу керек. Бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдері жойылады.

“Ашық әкімдік”-тердің бәрі сөз жүзінде емес, жергілікті жұрттың қажеттілігін қанағаттандыру үшін нақты жұмыс істеуі керек деді Ғани Нығыметов. Айтуынша фронт-кеңселердің өзіне жүктелген міндетті атқарып жатқан-жатпағанын “Қызылжар-адалдық алаңы” бақылайтын болады. Кінәратқа жол бергендер жазаланады.

Саят Ермек