Ауыл шаруашылығы

“AGROKOMEK” сервистік орталығының тиімділігі

Петропавлда 2 апта бұрын ашылған “AGROKOMEK” сервистік орталығында бүгінге дейін 100-ге жуық мемелекеттік қызмет көрсетілген. Жергілікті іскер азаматтар көбінесе ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандарына жолығыпты.

Максим Добрынин – “EXPORT MAX” серіктестігінің менеджері. Жақын арада компания Польшаға зығыр майын экспорттамақ. Істі жүзеге асыру үшін оларға фитосанитариялық паспорт алу қажет екен. Осы мәселемен “AGROKOMEK” сервистік орталығына жүгініп отыр. Мамандар Максим Добрыниннің бұйымтайын тез арада шешіп берді. Әйтпеген жағдайда мұндай үрдіс біраз уақытты алып, бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыру қажет болар еді.

Максим Добрынин – “EXPORT MAX” ЖШС менеджері:

– “AGROKOMEK” сервистік орталығының ашылғаны жайлы жуырда естідім. Бүгін мұнда бірінші рет келдім. Мәселемді тез ара шешіп берді. Бүкіл үрдістің бір жерде атқарылатыны өте ыңғайлы әрі тиімді. Енді жұмысыма қатысты қызмет түрлерін осында алып отырамын.

Солтүстік Қазақстан облысы – аграрлы өлке. Жергілікті ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерін толғандыратын мәселелер жетерлік. Оларды тез әрі сапалы шешуге 2 апта бұрын ашылған “AGROKOMEK” сервистік орталығы септеспек. Мұнда түрлі бағытта кеңес беріліп, 50-ге жуық мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Айта кетейік, бұл – республика бойынша осындай алғашқы әрі жалғыз ұйым.

Наргиз Ақжігітова – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:

– Мемлекеттік қызмет көрсету барысында мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығы қағидатын енгізу мақсатында Аграрлық үй ғимаратында “AGROKOMEK” сервистік орталығы құрылды. Орталық агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мәселелерді шешуде өңір агроқұрылымдары үшін жақсы демеу болып табылады.

Жалпы, ғимараттың бірінші қабатында бірден 5 мемлекеттік орган орналасқан. Олар: ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық өкілдігі, табиғи монополияларды реттеу комитетінің жергілікті департаменті, ветеринариялық бақылау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы және табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы. Сондай-ақ, орталықта тұрғындар қызметтерді тікелей мамандардан ғана емес, өзіне-өзі қызмет көрсету секторында электрондық үкімет порталы арқылы да ала алады. Айта кетейік, 2 апта ішінде “AGROKOMEK” сервистік орталығында 100-ге жуық мемелекеттік қызмет көрсетілген.

Дана Сәлімқызы