МТРА жаңалықтары

Тимирязев ауданында 4 мектеп пен 2 мәдениет үйі жөнделді

Тимирязев ауданында “Жұмыспен қамтудың жол картасы” аясында биыл 15 жоба жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, 4 білім ошағына күрделі жөндеу жүргізілді. Тағы 2 мәдениет үйі қалыпқа келтіріліп, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін де біраз жағдай жасалған.

Дзержинский негізгі мектебінің іргетасы 1988-де қаланған. 32 жыл өтсе де нысан бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмепті. Ғимараттың ескіргені, әсіресе, соңғы уақытта біліне бастаған. Мұғалімдер мен оқушылар қысы-жазы сабақта қалың киініп отыруға мәжбүр болыпты. Себебі, күн суытып, жел не боран соққанда ызғары терезеден өтіп кетеді екен. Оны жыл сайын жөндеп, тығындағанымен, жағдай өзгермеген. Педагог қауым және 40-тан аса ұл-қыздың көптен күткен арманы биыл орындалды. Оқу ошағын қалыпқа келтіруге 47 млн теңге бағытталды.

Шолпан Стабаева, Дзержинский негізгі мектебінің директоры, Тимирязев ауданы:

– Қаражаттың бір бөлігі жарық жүйесін ауыстыруға жұмсалды. Одан бөлек, мектептегі 80 ескі ағаш терезені алмастырып, 53 жаңа есік орнаттық. Білім ошағының кіреберісі де қалыпқа келтірілді. Оның жағдайы өте мүшкіл еді. Шатыры шіріп, жаңбыр болғанда су ағатын. Сондай-ақ, оқу ұясын спортзалмен байланыстыратын аралық жөндеу көрді.

Жөндеу жұмыстарынан кейін білім ошағының спортзалын тану мүмкін емес дейді мектеп ұжымы. Дизайнын педагог қауым өздері ойластырып, түстерін ашық қылып жасапты. Оң өзгерістер Тимирязев аудандық мәдениет үйінде де орын алды. Бұрын елдімекендіктер мұнда тек концерт көріп, әкімнің есеп беруін тыңдауға келетін. Аталған жиындар жиі өткізілмейді, сәйкесінше күнделікті нысанға ағылатын халықтың қарасы қалың деп айтуға болмайды. Бірақ, ауқымды жөндеу жұмыстарынан кейін барлығы өзгеруде. Өнер ошағы ауылдағы ағайынның бос уақытын өткізетін орынға айналмақ. Ғимарат қабырғасында мәдени-сауықтыру орталығы жұмысын бастады. Мұнда ұлттық және интеллектуалдық спорт түрлеріне басымдық берілген. Яғни, тұрғындар тоғыз құмалақты меңгеріп, шахмат пен шашки ойнап, үстел теннисі бойынша жаттыға алады. Одан бөлек, қыз-келіншектерге арналған фитнес те бар екен.

Андрей Меркель – Тимирязев аудандық мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы:

– Биыл аудандық мәдениет үйін толық қалыпқа келтіруге жергілікті бюджеттен 11 млн 640 мың теңге бөлінді. Одан бөлек, «Еңбек» бағдарламасының аясында 7 млн теңге бағытталды. Бұл қаражатқа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Нысанның кіреберісі толық ауыстырылды. Еденіне кафель төсеп, баспалдақ таяныштарын жаңарттық. Сондай-ақ, дәретханаларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Су жаңа 55 пластикалық терезе мен 23 есік орнаттық.

Мәдениет үйінде орналасқан кітапхананың кейпі де сәл өзгеріпті. Білім мекенінде елдімекендіктерге арналған коворкинг орталық бар. Ал ән айтып, аспаптардың құлағында ойнап, би билеймін деген тұрғындар үшін мұнда ондаған үйірме жұмыс істейді.

Эльмира Садвокасова