Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан – сары аймақта

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты жұқтыру бойынша әлемде жаңа антирекордтың орнағанын мәлімдеді. Қазанның 31-і күні індет жер шарының 536 мың тұрғынынан анықталған. Тәжді вирус теріскейді де қыспаққа алуы мүмкін. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысы қауіптіліктің сары аймағына енді.

Мұндай анық симптомдарға қарамастан Сергей Тимофеев тапсырған алғашқы анализ COVID-ті таппаған. Сөйтіп, бронхитім асқынды ма деген оймен ол үйде емделеді. Алайда, жағдайы күннен-күнге нашарлай түседі. Кейін өлім ауызында жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.

Сергей Тимофеев:

– Дәрігерден не дерт екенін сұрағанда COVID деді. Сөйтсем, сараптама қате нәтиже беріпті. Бетім бозарып, ернім көгеріп кеткен екен.

Реанимацияға түскенде коронавирус Сергей Тимофеевтің өкпесін тұтас зақымдап үлгерген. Мұндай жағдайда оның тірі қалуы екіталай еді. Алайда, екі апталық жасанды команың арқасында ақхалаттылар өмірін арашалап қала алды. Бұл шілде айы болатын. Стационарлар науқастарға лық толған шақ. Ауыр халдегі әр пациенттің өмірі үшін дәрігерлердің қалай күрескенін еске алғанда кейіпкеріміздің көзіне еріксіз жас үйірілді. Өкінішке қарай, бәрін бірдей құтқару мүмкін болмады.

Сергей Тимофеев:

– Реанимацияда жатқанда дәрігер жан тапсырған науқастың қайтыс болған уақытын жазыңдар деді. Бұл шақта жас қыз оның жүрегіне тікелей массаж жасап, құтқаруға тырысып жатты. Мен мұны өз көзіммен көрдім. Көбі медицина қызметкерлерінің өлімге еттері үйренген дейді, бірақ шындығында бұл олай емес.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, қазір Солтүстік Қазақстан облысында 10-нан астам адам ауыр халде жатыр. Дегенмен, стационарлардағы жағдай, әзірге, қалыпты деп бағалануда. Ал жаңадан табылған науқастарға қатысты статистика күн санап артуда.

– Мәселен, қазанның 27-сі коронавирус бір тәулікте 12 жерлесімізден табылса, 31-і күні көрсеткіш 30-ға дейін жетті. Ал қарашаның алғашқы күнінде індетті 35 солтүстікқазақстандық жұқтырған, кеше COVID-19 тағы 34 теріскейліктен анықталды.

Мұндай теріс динамика жасыл аймақта болған біздің өңірді “сары зонадан” бір-ақ шығарды.

Ерлан Қиясов – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

– Регион в желтой зоне – СКО.

Алайда, Шығыс Қазақстандағы ахуал әлдеқайда мүшкіл. Бүгін ол қауіпті қызыл аймаққа енді. Соңғы 1 тәулікте ел бойынша 449 адам тәжді вирусты жұқтырған болса, жартысынан астамы, яғни 226-сы – осы өңірде. Өткен жұмада Өскеменге жол тартқан Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғажнов бірқатар шектеу шараларын енгізді. Облыста авиа және темір жол рейстерінің саны қысқартылып, блокпосттар қайта қойылды, ал шығысқазақстандықтар берілген уақыты 3 тәуліктен аспайтын ПТР тестінің нәтижесінсіз өңірден аттап та шыға алмайды. Егер қарапайым қағидалар сақталмай, эпиджағдай одан әрі ушыға беретін болса, Шығыстың кебісін Солтүстіктің де киюі ғажап емес. Ал әзірге, оның алдын алуға мүмкіндік бар. Басты әрі қарапайым шара – санитарлық талапты сақтау және оған жауапкершілікпен қарау.

Саят Ермек