Білім

“Педагогикалық дуэт” байқауының облыстық кезеңі өтуде

Тәжірибелі ұстаздар мен жас мамандар. Петропавлда “Педагогикалық дуэт” байқауының облыстық кезеңі өтіп жатыр. Білім мен біліктілік сайысы 3 кезеңнен тұрады. Талап бойынша 2 ұстаз бірлесіп, өздерінің әдіс-тәсілдерінің тиімділігі туралы бейнематериал әзірлеуі қажет. Қазір өңір бойынша 180-ге жуық ұстаз бақ сынауда.

Алма Шаймерденова – Жұмабек Тәшенов атындағы 20-шы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі. Ұлағатты ұстаздың жалпы қызмет өтілі 15 жылға жуықтаған, ал аталған білім ошағында 3 жыл еңбек етуде. Ол осы күнге дейінгі жиған-терген тәжірибесімен жас мамандармен бөліскенді жөн көреді. Қазір ұстаз Мәдина Жиентаваға бар білгенін үйретіп келеді. Бүгінде қос мұғалім бірлесіп “Педагогикалық дуэт” облыстық конкурсына қатысуда.

Алма Шаймерденова – Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

– Біз осы “Педагогикалық дуэттің” арқасында өзіміздің 3 жылда жинаған тәжірибелерімізбен бөлісіп, видео әзірледік. Онда Мәдина Қуатбекқызына оқушыларды жаңа бағалау түрін үйретіп, әр түрлі бағалау түрлерін ұсындым.

Мәдина Жиентаева – Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

– Қазір екінші этап болып жатыр. Нәтижесі шыққасын, 3-ші кезеңге өтіп, жүлделі орынға ие боламыз деген үміттеміз.

Педагогтар арасындағы бұл байқау қазан айында басталған болатын. Аталған конкурсқа өңір бойынша 87 жұп, яғни 174 ұстаз қатысып жатыр. Оның 29-ы қала мектептерінен болса, қалғандары – аудан орталықтарынан.

Амина Тайланова – “Өрлеу” БАҰО АҚ филиалы “СҚО ПҚ БАИ” зертхана меңгерушісі:

– Барлық жіберілген роликтер белгілі бір тақырып аясында жасалған. Ол – “Перфоманс” кәсіби жетістіктің фирмалық рецебі. Яғни, ол жерде жас маман мен оның тәлімгері арасындағы байланыс арқылы қандай жетістікке жеткені туралы. Видеоның ұзақтығы – 5 минут.

Байқау қорытындысы белгілі болған соң жеңімпаздар дипломмен марапатталады әрі “Білімді ел” республикалық газетінде 1 жыл бойы өз материалдарын тегін жариялау мүмкіндігіне ие болады.

Алтынай Қазиқан