МТРА жаңалықтарыБалалар

Петропавлда ерікті-дәрігерлер жасағы құрылды

Петропавлда ерікті-дәрігерлер жасағы құрылды. Болашақ фельдшерлер мен медбикелер арнайы курстардан өтіп, білімдерін шыңдауда. Кейін студенттер  тәжірибелерін жетілдіру мақсатында  медициналық ұйымдарға жіберіледі.

Карина Мұқатаева – болашақ фельдшер. Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің 3-ші курсында оқиды. Каринаның өмірлік ұстанымы – адамдарға көмектесіп, қоғамға пайда тигізу. Сол себепті, қалада ерікті-дәрігерлер жасағына қабылдау жүріп жатқанын естігенде көп ойланбастан қатысуды шешіпті.

Карина Мұқатаева – Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің студенті:

– Мен ерікті-дәрігерлер жобасына ат салысып, қолдан келген көмегімді көрсетуге әзірмін. Оған қоса осында жүріп біраз тәжірбие жинақтаймын. Білген-түйгенім болашақта өзіме де септігін тигізеді.

Жалпы, ерікті-дәрігерлер жобасына медицина саласынан хабары бар жандар қатыса алады. Яғни, болашақ медбикелер мен дәрігерлер. Іс-шара барысында олар алдымен арнайы курстардан өтеді. Онда ақ халатты абзал жандар еріктілерге науқастармен жұмыс істеудің барлық қыр-сырын айтып, өз тәжірибелерімен бөліседі.

Владимир Жуков – облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының дәрігері:

– Әзірге ерікті-дәрігерлер шақыртуларға бармайды. Себебі, бұл аса маңызды міндет және жауапкершілігі зор.

Ал келіп жатқан жасақ мүшелерінің тәжірибелері аз. Сондықтан, біз олармен курс барысында алғашқы медициналық көмек көрсетуді жіліктеп талдап, екпе егуді үйретеміз.

Кейін, курстардан толыққанды өткен ерікті-дәрігерлер облыс орталығының медициналық мекемелерінде тәжірибелерін одан әрі жетілдіре алады. Науқастардың қан қысымын өлшеп, дәрігердің тағайындауы бойынша дәрі-дәрмек бере алады. Жалпы, ерікті-дәрігерлер жасағына барлығы 20 студент қабылданған.

Бердимурат Баймухан