Мәдениет

Облыстық қуыршақ театрының 31-ші маусымы бастау алды

Мейірімді кейіпкерлер, жарқын сахналық декорациялар. Облыстық қуыршақ театрының майталмандары «Мен, сен және қуыршақшы» спектаклін сахналады. Туынды  өнер ошағының 31-ші маусымының ашылуына орай қойылып отыр.

Спектакль достық пен өмірлік құндылықтар жайында. Қойылымның басты кейіпкерлері: қуыршақшы, ноқат және жолақша. Баяндаушының рөлін театр актері Андрей Зайцев сомдады.

Андрей Зайцев – облыстық қуыршақ театрының актері, ҚР мәдениет қайраткері:

– Қойылым адамгершілікке баулиды. Адамдар өзге тілде сөйлеп, басқа ұлт өкілі болғанына қарамастан, барлығымыз бірдей жаратылғанбыз. Сол себепті, тату-тәтті өмір сүру керекпіз. Қойылым осы жайында.

Балғындардың назарына ұсынылған спектакль – философиялық бағытта. Жергілікті жерде алғаш рет 90-шы жылдары ұсынылған. Араға жылдар салып, театрдың 31-ші маусымы дәл осы қойылыммен ашылып отыр.

Анна Пульникова – облыстық қуыршақ театрының мәдени іс-шараларын ұйымдастырушы:

– 31-ші маусымда жас көрермендерді қызықты спектакльдермен қуантпақпыз. Мәселен, келесі аптада-ақ жаңа қойылымның тұсауын кесуді жоспарлап отырмыз. Спектакль «Дюймовочка» деп аталады. Қойылым екі тілде өтетін болады.

Пандемияға байланысты шектеу шараларынан кейін балақайлардың қуыршақ театрының спектакльдерін сағынып қалғандары жүздерінен айқын көрінеді. Олардың әрқайсысы таңғажайып ертегі әлеміне еніп, ерекше әсерге бөленді.

– Маған қойылым өте ұнады. Барлық кейіпкерлер өз рөлдерін керемет сомдап шықты. Өзім мұндай қойылымдарға сирек келемін.

– Сахна әдемі безендірілген. Кейіпкерлердің дыбыстауы да құлаққа жағымды. Бір сөзбен айтқанда, қойылым жақсы әсер қалдырды.

Спектакль өз мәресіне жетіп, кейіпкерлер әсем гүл шоқтарымен марапатталды.

Казиканова Алтынай