МТРА жаңалықтарыАуыл шаруашылығы

Мамлют ауданында тұрғындар пайларын ала алмай отыр

Мамлют ауданында тұрғындар пайларын ала алмай отыр. Өткен аптада аталған мәселе “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінде талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары бұл түйткілдің шешілуін өз бақылауымызға аламыз деді.

“Қызылжар – адалдық алаңы”-ның қоғамдық бақылау картасына Мамлют ауданына қарасты Дубровное селосының тұрғындары хат жолдаған. Ауылдағы ағайын биыл өздеріне тиесілі пайды ала алмай отырғандары жайлы шағымданады. «АБИ-ЖЕР» серіктестігінің өкілдері жерлестерімізге «пайларыңыз жоғалды, оны ала алмайсыздар» деп жауап берген. Айтуларынша осыған ұқсас жағдай ауданның басқа да елді мекендерінде орын алып жатқан көрінеді.

Қуандық Шакубаев – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Өңірде банкрот болуға жақын қалған кәсіпорындар бар. Серіктестіктердің кейбіреулері тұрғындардың жерлерін банкке кепілге қояды. Осылайша шаруалар аманатқа қиянат жасап, жерлерді жергілікті қорға өткізіп алады.

Қазіргі күні ондай кәсіпорындардың саны өңірде 15-ке жетеді екен. Мамандар олардың әрбіреуімен жеке-жеке жұмыс жүргізіп жатырмыз дейді.

Қуандық Шакубаев – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Түрлі жағдай болады. Біз шаруалардың барлығымен кездесудеміз. Ал «АБИЖЕР» серіктестігінің басшылығымен бүгін ғана хабарластым. Айтуынша мамандар қазір жиналған өнімді түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Қараша айында тұрғындардың барлығын паймен қамтамасыз етеміз деді.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Шакубаев бұл мәселені шешімін тапқанша дейін өз бақылауларында ұстайтындықтарын айтты.

Бердимурат Баймухан