ТЖ

Мамлют ауданында ер адам суға батып кетті

Қазанның 27-сі өңірде екі бірдей өрт оқиғасы тіркелді. Төтенше жағдайлар Петропавл қаласы мен Айыртау ауданында орын алды. Өкінішке қарай, оқыс жайттың салдарынан екі жерлесіміз көз жұмды. Сондай-ақ, дәл қазір  жергілікті құтқарушылар Мамлют ауданында суға батып кеткен ер адамның денесін іздестіруде. 63-ші жылғы ер азамат  кеше кешке таман немересімен демалуға шығып, оралмаған.

Оқиға қазанның 31-і Мамлют ауданына қарасты Новомихайловское селолық округінің жанындағы Чистое көлінде орын алған. 63-ші жылғы азамат кешқұрым 11-12 жас шамасындағы немересімен демалмақ болыпты. Осылайша, екеуі су қоймасына аттанған. 19:00 кезінде ер адам қайыққа мініп, балық аулауға кетті. Ал жеткіншек оны жағалауда күтіп отырыпты.

Игорь Жуков – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Шамамен 21:30 кезінде немересі атасын іздестіре бастаған. Жеткіншек жақын маңдағы балықшыларға барып, көмек сұрапты. Азаматтар жоғалып кеткен тұрғынның бос қайығын кезіктіріпті. Ол аударылмаған, яғни ер адам құлап кеткен болуы керек. Оның денесін тапқаннан кейін, мән-жайды толық анықтай аламыз.

Іздестіру жұмыстарына құтқарушылар бүгін таңертең кірісті. Ер адам қайығының зәкірін суға тастамағандықтан, мамандар азаматтың қай жерден құлағанын болжай алмай отыр. Сондықтан, денені табу ісі қиынға соғуда. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындарға өзен-көлдерге барғанда барынша сақ болу қажеттігін еске салады. Сондай-ақ, соңғы уақытта өрт оқиғалары да жиілеп кетті. Қазанның 27-сінің өзінде-ақ екі бірдей факті тіркелді. Бірі түнгі 11-ге таман Петропавл қаласындағы Февральский қысқа көшесінде орналасқан жер үйде орын алды. Қызыл жалын нысанның 40 шаршы метрін шарпып, 73-ші жылғы әйелдің өмірін жалмаған.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

–  Тағы бір оқыс оқиға Айыртау ауданына қарасты Айыртау селосының маңында орын алды. 23:11 кезінде «КөкшетауСтройНедро» серіктестігіндегі тұрғын-жай вагон отқа оранды. Аумағы 10 шаршы метр болатын нысан толық жанып кетті. Қызыл жалын жарты сағаттан соң ауыздықталып, түн жарымға қарай сөндірілді. Оқиға орнынан 60-шы жылғы азаматтың денесі табылды.

Жыл басынан өңірде 560-тан аса өрт оқиғасы тіркелді. Қызыл жалын 42 жерлесіміздің өмірін жалмады. Оқыс оқиғалардың дені тұрғындардың отқа немқұрайлы қарауынан туындайды. Сондай-ақ, төтенше жағдайларға электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болып отыр.

Эльмира Садвокасова