Мәдениет

«Домбыра» телеарнасының ұжымы өңірімізге келді

Ұлы дала әуендері. Өткен сенбіде Петропавлға «Домбыра» телеарнасының ұжымы  түсірілім экспедициясымен келді. “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде өткен шарада мамандар жергілікті жыршылар мен күйшілердің өнерін таспаға басты. Әріптестеріміз осылайша қазақ музыкасындағы көпке танылмай қалған туындыларды жарыққа шығармақ ниетте.

Мейрамгүл Здуалиева Петропавлға Ақжар ауданынан келді. Нәзікжандының өнер әлеміне аяқ басқанына – биыл 20 жыл. Жерлесіміз осы уақыттың ішінде түрлі байқауларға қатысып, өңіріміздің намысын абыроймен қорғап жүр. Жез таңдай термеші осыдан екі жыл бұрын «Мен қазақпын» байқауында да бақ сынап көрген екен.

Дәстүрлі өнерді дәріптеген жерлесіміз бүгін де түсірілім алаңына келіп, «Домбыра» телеарнасының көрермендеріне Сыр өңірінің термесін шырқады. Мейрамгүл бұл жолы Шашубай ақынның «Аққайың»-ы мен Нұртуған жыраудың «Қанеки тілім, сөйлеші» термесін таңдаған екен.

Мейрамгүл Здуалиева – термеші, Ақжар ауданы:

– Бүгін Нұртуған жыраудың термесін орындадым. Ол – патриоттық термелердің бірі. Өзім сыр өңірінің термелерін орындағанды ұнатамын. Қазіргі күні ауданымызда өнер мектебі бар. Бізде терме мен күй өнері жаңғырып келе жатыр. Алдағы уақытта Мәдениет үйімізде терме сыныбын ашайын деп жатырмыз.

Шараға бүгін дәстүрлі ән өнерінің 20-ға жуық майталманы келді. Олар: термешілер, күйшілер мен дәстүрлі ән орындаушылар.

Қанат Ержігітов – «Dombyra» телеарнасының директоры:

– Түсірілім экпедициясымен еліміздің барлық мекендерін аралап жүрміз. Біз Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы, Атырау, Маңғыстау облыстарында болдық.

Дәстүрлі өнерді өрістетуге үлес қосып жүрген жандар Петропавлдан бұрын Жамбыл ауданында болды. Мамандар телеарнаның қорында жоқ, жергілікті авторлардың туындыларын бейнеге түсірдік дейді. Алдағы уақытта жерлестеріміздің шырқаған әндері мен орындаған күйлері «Dombyra» телеарнасынан көрсетілетін болады.

Бердімұрат Баймұқан