Құқық қорғау органдары

Қала тұрғыны үйінің алдында марихуана өсіріп келген

Қала тұрғыны үйінің алдында марихуана өсірген. Тәртіп сақшылары ер адамның баспанасынан 100 келіден астам есірткі тапқан. Қара сора тәркіленіп, көзі жойылды. Ал қылмысқа барған петропавлдыққа қатысты  сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жүріп жатыр.

Өзгенің денсаулығын емес, өзінің қалтасының қамын ойлаған петропавлдық қарасораны үйінің алдында өсіріп келген. Мұны тәртіп сақшылары алдын алу шаралары кезінде анықтаған. Нәтижесінде 100 келіден асатын есірткі табылып отыр. Улы дүниенің көзін жоюға «Қамқор» клубының волонтерлері ат салысқан.

Еділ Әбу – “Қамқор” клубының волонтері:

– Біз бүгін есірткілерді жоюға қатыстық. Осы акцияларға полиция қызметкерлерімен бірге үнемі қатысып отырамыз. Жастарға, балаларға “Есірткіге жол жоқ!” деп айтқымыз келеді.

Бұл өңірде орын алған алғашқы жағдай емес. Жыл басынан есірткіні айналымға шығармақшы болған пысықайлардан 400 келідей зиянды зат тәркіленіпті. Оның 1 келі 690 грамы – синтетикалық дәрі-дәрмек. Арам пиғылды сатушылардың ешқайсысы жазадан қашып құтыла алмайды. Жаза – 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Рахат Нұрахметов – қалалық ПБ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы:

– Жүргізілген жұмыс нәтижесінде заңсыз айналымнан 398 килограмм түрлі есірткі заттары алынды. Қылмыстық жауапкершілікке 78 адам тартылды.

Ескірткінің адам өміріне аса қауіпті екені көпшілікке мәлім. Осы зиянды затты қолданудың салдарынан жыл басынан бері 5 тұрғын ажал құшқан. Ал жедел жәрдем қызметкерлеріне есірткіден зардап шеккен 70-ке жуық солтүстікқазақстандықтан қоңырау келіп түскен. Оның 7-уі – кәмелет жасына толмағандар.

Маржан Касымбек