Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшыларының еңбекақысы 30 пайызға көтерілмек

Үш жылдың ішінде тәртіп сақшыларының еңбекақысы 30 пайызға көтерілмек. Әрі баспана жалдаудың өтемақысы ретінде ел қазынасынан 15 млрд теңгеден астам қаржы бөлу көзделіп отыр. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты. Жиынға теріскейлік тәртіп сақшылары да қатысты.

Руслан Бекболатов – Тайынша ауданының учаскелік полицейі. Азамат еңбек жолын осыдан 7 жыл бұрын Қарағаш ауылында бастаған. Содан бері жан аямай, халық тыныштығы үшін тер төгіп келеді. Кеше ол Нұр-Сұлтан қаласында өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысып қайтты. Жиында көп жылдық ерен еңбегі үшін мерзімінен бұрын майор атағын алды.

Руслан Бекболатов – Тайынша ауданының ПБ ЖПҚ учаскелік аға инспекторы:

– Полиция қызметкерінің жұмысы ауыр әрі жауапты. Кей сәттерде тұрғындар тарапынан түсініспеншілік аса қажет. Бұл туындаған кедергілерді еңсеруде және істі ашуда өте маңызды.

Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне Руслан Бекболатовтың әріптесі Қадырбек Исин де қатысып қайтты. Мамлют ауданының тәртіп сақшысы халықпен тығыз жұмыс жасап, қылмыстың алдын алу жолында тынбай еңбектенуде.

Қадырбек Исин – Мамлют ауданының ПБ ЖПҚ учаскелік инспекторы:

– Мен Пригород селолық округінде жұмыс жасаймын. Ол жерде халық саны – 1043. 305 тұрғын үй бар. Әр түрлі оқиғаларға тап боламыз. Тіпті, мас күйдегі адамдар өздерін дұрыс ұстамайтын кездер де болады.

Елордада өткен маңызды жиынға қатысқан теріскейлік тәртіп сақшылары соңғы жаңалықтармен әріптестерімен қуана бөлісуде. Өйткені, алдағы уақытта полиция қызметкерлеріне бірқатар қолдау көрсетілмек. Жаңа жылдан бастап баспана жалдаудың өтемақысы ретінде ел қазынасынан 15 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбек. Әрі 3 жылдың ішінде жалақыларын 30 пайызға көтеру көзделіп отыр.

Алтынай Қазиқан