Құрылыс

Петропавлда 5 қабатты екі үйдің құрылысы аяқталды

Петропавлда 5 қабатты екі үйдің құрылысы аяқталды. Пәтерлер – жалдамалы. Баспана кілттері қоғамның әлжуаз тобына жататын жандарға қараша айында  табыс етілмек. Баспаналарды қолданысқа тапсырмас бұрын  бүгін нұротандықтар арнайы барып, құрылыстың сапасын бағамдап қайтты.

Бұл – 5 қабатты су жаңа үй Первомайская 2 мекен-жайында орналасқан. Баспананың іргетасын қалауға жергілікті “Лира” серіктестігі 2019-дың мамыр айында кірісіпті. Нысанның құрылысына облыс бюджетінен 800 млн теңге бағыталған екен.Мердігердің сөзінеше барлық шаруа 100 пайыз тындырылып, уақытылы аяқталды. Енді қараша айында 93 пәтерлі баспана халық игілігіне тапсырылады.

Андрей Радченко – “ЛИРА” ЖШС директоры:

– Шаруа қыркүйек айында толық аяқталды. Жұмыстар кесте бойынша жүргізіліп, мерзімге сай тындырылды. Бағытталған ақша толық көлемде игерілді. Баспана жылыту жүйесіне қосылды.

Баспана 1 және 2 бөлмелі пәтерлерден тұрады. Бұл үйдің ерекшелігі – әр подъезде пандус-көтергіштер орнатылған. Салмақтық мүмкіншілігі – 250 келі. Айта кетейік, мұндай қондырғы шаһардағы көпқабатты үйлердің подъезіне алғаш рет қойылып отыр.

Ал мына көршілес тұрған көпқабатты үйдің бой көтеруіне “Основание” серіктестігі жауапты. Баспана 2 және 3 бөлмелі пәтерлерден тұрады. Мұнда да тұрғындар қараша айында қоныс тойын тойламақ. Баспана кілті көпбалалы отбасыларға табысталады. Жалпы, бұл 2 бірдей көпқабатты үй жалдамалы. Пәтерлер кезекте тұрған қоғамның әлжуаз тобындағы жандарға беріледі.

Кеңес Мұқышев – “Nur Otan” партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Жақын арада өшіретте тұрған жандарға пәтерлердің кілті табысталады. Үйлер мұқтаж жандарға тиесілі. Олар: зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, жетім балалар және мүмкіндігі шектеулі жандар. Жалдамалы пәтер болғандықтан тұрғындар ай сайын небәрі 7 мың теңге төлейтін болады.

Үйлердің алды да тиісті деңгейде абаттандырылған. Қос баспананы аралап шыққан мониторингілік топ өкілдері құрылыс сапасы талапқа сай деген қорытындыға келді.

Ешкенова Дана