Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі дінбасылармен кездесті

Аймақ жетекшісі Құмар Ақсақалов “Рухани келісім” күніне орай жергілікті дінбасылармен кездесу өткізді. Жиын барысында дін өкілдері жыл басынан бері атқарған игі істеріне тоқталды.
Береке – бірлікте. Қазіргі күні өңірімізде 136 діни ұйым мен 11 конфессия бар. Жерлестеріміз ұлты пен наным-сеніміне қарамастан ұзақ жылдардан бері бір-бірімен тату-тәтті өмір сүріп келеді. Ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауда дәл осы дін саласы өкілдерінің қосқан үлесі мол дейді өңір басшысы. Құмар Ақсақалов жиынға қатысқан дінбасыларға халық арасындағы ынтымақты нығайтуда атқарған еңбектері үшін алғысын білдіріп, жұмыстарына жеміс тіледі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Отбасылық құндылықтар мен салауатты өмір салтын насихаттауда атқарып жатқан еңбектеріңіз үшін алғысым шексіз. Себебі, жастарды нашақорлық пен ішімдік ішу секілді қауіпті дүниелерден қорғауымыз қажет. Бұл бағытта дін өкілдерінің айтар ақылы мен уағыз-насихаттары өте маңызды.

Дін өкілдері карантин уақытында да ғаламтор арқылы тұрғындарға насихат айтып, дұрыс жол нұсқап, басына сынақ түскендерге материалдық көмек те берді. Тіпті, тәулігіне 24 сағат бойы қоңырау соққан жерлестерімізге ақыл-кеңесімізді аямадық дейді “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – «Қызылжар» облыстық орталық мешітінің бас имамы:

– Инстаграм, фейсбук секілді әлеуметтік желілерді пайдаланып уағыздарымызды жүргізіп жатырмыз. Қазіргі күні тұрғындарға арақ-шарап, нашақорлықтың зияны туралы насихатты жиі айтатын болдық. Құрбан шалудың өзін онлайн қабылдадық.

Қазақстан қазір бүкіл әлемге татулық пен келісімнің нағыз үлгісін көрсетіп отыр. Елімізде басқа елдердің дінбасыларымен съезд өткізіліп тұрады. Олар Қазақстанға келген сайын қонақжайлылығымыз бен ауызбіршілігімізді көріп тамсанады. Бүгінде шетелдік мамандар біздегі жүйені зерттеп, өз елдерінде енгізіп жатыр деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Өңір басшысы жиын соңында қатысушыларға Абай Құнанбайұлының «Хикмет» кітабын сыйға тартты.

Бердімұрат Баймұқан