Спорт

Өңірде 600-ге жуық бала көркем гимнастикамен айналысады

Бүгінде өңірде 600-ге жуық бала көркем гимнастикамен айналысады. Жастар жыл сайын түрлі жарыстарда бақ сынап, үздіктердің қатарынан көрініп жүр. Спортшылардың жаттығулары қазір шататтық режимде жүріп жатыр. Бүгін арнамыздың түсірілім тобы А.Винокуров спорт сарайына барып, жас гимнастшылардың дайындық барысын көріп қайтты.

Аты да заты да сұлулыққа тұнып тұрған көркем гимнастика сырт көзге жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ, 360 градусқа иіліп, күрделі элементтерді орындау оңай шаруа емес. Мына кішкентай қыздар мұндай іс-қимылдарды күнде жасайды. Ортада өздерін тіпті кәсіпқой спортшы секілді ұстайды. Дәрия Көшербаеваның көркем гимнастикамен айналысып жүргеніне 4 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт ішінде жеткіншек бірқатар жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанған.

Дәрия Көшербаева – гимнастшы:

– Мен ҚР чемпионатына қатыстқан едім. Сол кезде жарыста 2-ші және 3-ші орын алдым. Маған көркем гимнастика ұнайды, себебі мұнда көп достарым бар. Әрі қызықты жаттығулар жасаймыз. Мен болашақта көркем гимнастика бойынша жаттықтырушы болғым келеді.

Балаларды тәжірибелі маман Юлия Колесникова жаттықтырады. Ол бұл спорт түріне 20 жыл бұрын ден қойыпты. Азаматша көркем гимнастикада сырт көзге тартымды болып көріну қажет дейді. Сондықтан әр спортшы иілгіштік, нәзіктікпен қатар әртістік қабілетке де ие болуы тиіс. Айтуынша, қоластындағы қыздардың бәрі талантты. Барлығы түрлі жарыстарда жеңімпаз атанып жүр екен. Бұл – күнделікті еңбек пен тәртіптің нәтижесі. Осы орайда маманның ата-аналарға берер ақыл-кеңесі бар.

Юлия Колесникова – “Олимп” БЖСМ аға жаттықтырушысы:

– Баланы көркем гимнастикаға 3 жастан берген жөн. Себебі, бұл жаста ұл-қыздардың буыны қатайып үлгермейді. Осының арқасында бүлдіршіннің мүмкіндігін барынша ашу оңайға түседі. Сондай-ақ, гимнастика үйірмесінің есігін ашпаған немесе осы спорт түрімен айналысып жүрген балалар үйде жаттығу жасамағаны абзал. Ата-аналар бұған мұқият қарауы қажет. Егер жеткіншектер тиісті жаттығуларды дұрыс білмесе, жарақат алып қалулары мүмкін.

10 жасқа дейінгі балалар спорттық атрибутикасыз жаттығады. Кейін қосымша заттар қолданады. Мәселен, мына қыздар доп, секіргіш, шеңбер және таспа сынды дүниелермен түрлі іс-қимыл жасайды. Жаттығулары таңдай қақтырады.

Көркем гимнастика жастарға эстетиклық тәрбие береді, бойдағы қуатты арттырады. Одан бөлек, ұл-қыздар белсенді қозғалуға, денені тік ұстауға бейімделеді, би өнеріне де машықтанады.

Жанна Бисенова – тілші:

–  Гимнастиканың басты мақсаты – спортшыны физикалық тұрғыда дамыту ғана емес. Мұндағы мамандардың сөзінше, гимнастика адамның дене бітімін сымбатты ете түседі. Сонымен қатар, бойдағы сенімділікті арттырады, өмірге деген ерекше көзқарас қалыптастырады.

–  Гимнастика шыдамдылықты шыңдайды. Маған сонысымен ұнайды. Адам күш-жігерін бала күнінен арттырса, үлкен жетістіктерге жетеді деген ойдамын.

– Көркем гимнастика – әдемі спорт. Қыздардың іс-қимылдарын қарап, бірге жаттығып, демалуға болады.

Қазіргі таңда А.Винокуров спорт сарайында 100-ге жуық бала көркем гимнастикамен айналысады.

Бисенова Жанна