МТРА жаңалықтарыБалалар

Қазанның 31-і – Дүниежүзілік жинақ күні

Ақшаны қалай үнемдеуге болады? Бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жергілікті мамандары жастарға қаражатты дұрыс жаратудың жолдарын үйретті. Дүниежүзілік жинақ күніне орай ұйымдастырылған шараға Оқушылар сарайында қосымша білім алып жүрген ұл-қыздар қатысты.

16 жастағы Сәнжан Нұрмұханбеттің арманы – медицинаға байланысты кәсіп ашу. Оқушы жастығына қарамастан қазірден-ақ білімін арттырып жүр. Түске дейін мектепте сабақ оқыса, одан соң бизнес курстарына қатысады.

Сәнжан Нұрмұханбет – әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы:

– Ауырып көрмеген адам жоқ шығар. Оның қаншалықты жаман екенін ауырған адам ғана түсінеді. Сондықтан, Адамдарға пайдасы тиетін кәсіп ашқым келеді. 0Қаражатты дұрыс қолдануды, белгілі бір бағытқа инвестиция салуды үйренгім келеді.

Кәсіпті қалай ашуға болады? Бұл – бір іс бастағысы келетін адамдарда туындайтын басты сұрақ. Оның жауабын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдері табуға көмектесуде. Мамандардың сөзінше, жұмысқа кіріспес бұрын ең алдымен, ақшаны үнемдей білу қажет.

Назерке Ғалым – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ маманы:

– Сабақта біз балаларға қаражатты дұрыс пайдалануды үйретеміз. Көзге көрінген дүниені ала беруге болмайды. Бір затты алғың келсе, 1 апта ойлан. Сонда ол саған нақты керек пе әлде керек емес екенін түсінесің.

Оқушылар сарайында ұйымдастырылған бизнес сабағына 30-ға жуық бала қатысып, өзін толғандырған сауалдардың жауабын алды. Мұндай дәрістер жыл соңына дейін тағы бірнеше рет ұйымдастырылмақ.

Маржан Касымбек