Қазақстандықтардың дені көз жұмғаннан кейін ағза доноры болудан бас тартуда

МТРА жаңалықтары

23:48 30 Қазан 2020

Қазақстандықтардың дені көз жұмғаннан кейін  ағза доноры болудан бас тартуда. Жуырда келісу немесе келіспеу туралы шешімді онлайн рәсімдеу мүмкіндігі пайда болды. Ахуал сол – бүгінде әр 10 отандасымыздың шамамен 9-ы қайтыс болған жағдайда органдарын пайдалануға рұқсатын бермеген. Бұл шақта ел бойынша 3 мыңнан астам адам трансплантацияға зәру.

Бүйректері жұмыс істеуден бас тартқанда Анастасия Молоткова небәрі 10 жаста еді. Диагноз тым кеш қойылғандықтан, органды алмастырудан басқа амал қалмаған. Алайда, Настяға донорды көп күтуге тура келмеді. Қос бүйрегінің бірімен туған әкесі бөлісті. Ота осыдан 7 жыл бұрын елордада жасалған.

Анастасия Молоткова:

– Қазір менің бүйрегім бүйірімде емес, шап аймағында орналасқан. Ол қалыпты жұмыс істеп кетпес бұрын, тағы 6 отаны бастан өткердім. Қазір жұрт қатарлы өмір сүріп жатырмын, әкемнің де жағдайы жақсы. Оған өмір бойы қарыздармын.

Мұндай жақсы аяқталған оқиғалар баршылық. Науқастарға туысқандары ғана емес, жат адамдар да донор болып жатады. Алайда, тірі жан екі бүйрегінің біреуінен басқасын бере алмайды. Сондықтан, қайтыс болған адамның органдарын трансплантациялау тиімдірек дейді дәрігерлер. Бақилық болған жан бір емес, бірнеше өмірді құтқара алады.

Сергей Ишин – СҚО бас трансплант-үйлестірушісі:

– Егер ағзасында ақау болмаса, қайтқан адамның жүрегін, өкпесін, бауыры мен қос бүйрегін рецепиентке трансплантациялауға болады. Тіпті, көздің мүйізгек қабығын зағип жанға орналастырып, оған көру қабілетін қайтару мүмкіндігі бар.

Үстіміздегі жылдың шілдесінде елде жаңа Денсаулық кодексі қабылданды. Құжатта көзі тірі ғана емес, қайтыс болған ағза донорларына да қатысты ережелер егжей-тегжейлі жазылған.

– Он сегіз жастағы және одан үлкен, миының біржола семуі расталған, ағзалары және тіні реципиентке трансплантаттау үшін пайдаланылуы мүмкін адам қайтыс болғаннан кейінгі донор болуы мүмкін

– Ағзалардың және тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына адамның тірі кезінде ерік білдіруін беру және бұл жөнінде жұбайын немесе жақын туыстарының бірін хабардар ету тәртібін уәкілетті орган айқындайды

– Қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын және тiндерiн трансплантаттау үшін алуға, егер алу кезінде медициналық ұйым осы адам тірі кезінде немесе ол қайтыс болғаннан кейін осы тармақтың екінші бөлігінде аталған өзге адамдар оның ағзаларын және тiндерін алуға өзінің келіспейтіні туралы мәлімдегенінен хабардар болса, жол берілмейді

– Адамның тірі кезіндегі ерік білдіруі болмаған жағдайда, оның ағзаларын және тіндерін трансплантаттау үшін алуға өзінің келіспейтіні немесе келісімі туралы жазбаша мәлімдеуге жұбайының, ол болмаған кезде жақын туыстарының бірінің құқығы бар.

Кәмелетке толмағандардың ағзаларын ауыстырып салуға тыйым салынған. Органдар сатылмайды әрі оларды шетел азаматтарына трансплантациялауға рұқсат берілмейді. Жаңа кодекске сәйкес жан тапсырған жағдайда ағза доноры болу-болмау туралы шешімді көзі тірісінде азаматтың жеке өзі қабылдау керек екен. Адамды көзі тірісінде мәжбүрлеуге ешкімнің құқығы жоқ. Бүгінде Қазақстандағы статистика мынадай: донор болуға келісімін берген 1 адамға бас тартқан 10 адамнан келеді.

Саят Ермек – тілші:

– Қазір елде 3200-ден астам азамат трансплантацияға зәру, ал СҚО-да кезекте 111 адам тұр. 89-ы жаңа бүйрекке мұқтаж. Олардың 2-уі – бала. 1 адамға – жүрегін, ал қалған 21-іне бауырын алмастыру керек. Кезектің тым баяу жылжып жатқанын ескерсек, көпшілігі жаңа органдарды жылдап күтеді. Өкініштісі, отаға жетпей көз жұматындар да күнделікті тіркеліп жатады.

Өңірдің трансплант-үйлестірушісі Сергей Ишин бұл медициналық емес, әлеуметтік проблема дейді. Айтуынша, бас қалаларда орталықтар да, білікті трансплантологтар да бар. Бірақ, қазақстандықтар қайтқаннан кейін донор болуға әлі дайын емес.

Сергей Ишин – СҚО бас трансплант–үйлестірушісі:

– Біріншіден, халықты менталитет жібермей отыр. Өкінішке қарай, кез келген жаңашылдықты біздің қоғам үреймен қабылдайды. Екіншіден, бұқара елімізде жемқорлық өршіп тұр деп санайды. Сондықтан, органдарын пайдалануға рұқсат берген жағдайда, олар заңсыз саудаланып кете ме деп қорқады.

Ең кең таралған себеп – діни көзқарас. Мұсылман отандастырымыздың дені қайтқан жан жерге 12 мүшесі бүтін болып тапсырылуы тиіс деген ұстанымға берік. Ал Исламда адамның өмірін құтқару үшін жасалған барша амалдың жәйіз, яғни құптарлық іс екенін жамағат біле бермейді. 2017 жылы жарияланған пәтуа өлгеннің ағзасын трансплантациялауға рұқсат береді. Бірақ, бірқатар қағиданы ұстану керек.

Ең алдымен ағза берушінің шариғи көзқарасы жағынан өлім халі нақты болуы тиіс. Клиникалық өлім немесе миы өліп, басқа дене мүшелері істеп тұруы шариғи өлім болып саналмайды. Тек жүрек соғысы, тынысы тоқтап, мидың бүкіл қызметтері істен шығып, рухы мен денесі бір-бірінен ажырағанда ғана өлген болып есептеледі. Екіншіден, ағзаны ауыстыру, шынымен де зәрулік жағдайда болуы шарт. Ал үшіншіден, ағзаны беруші адам өз еркімен тірі кезінде ақыл-есі дұрыс сәтінде мүшелерін басқа адамға беруін өсиет еткен болуы шарт. Сондай-ақ, өліден тіріге ауыстырғалы жатқан ағза ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы шарт. Ағзаны ауыстыру ешбір материалдық қайтарымсыз жүзеге асуы тиіс.

Саят Ермек – тілші:

– Жаңа денсаулық кодексіне сәйкес, қайтқаннан кейін ағза доноры болуға әр қазақстандық көзі тірісінде келісім бере алады немесе бас тарта алады. Мұның екі жолы бар. Біріншісі – тіркелген емханаға барып, өтініш жазу. Сондай-ақ, өз көзқарасын азаматтар электрондық үкімет порталында да білдіре алады. Денсаулық сақтау министрлігі деректердің бәрі жіті қорғауда деп сендіріп отыр.

Саят Ермек

Бұдан әрі оқыңыз

“Адал ұрпақ” ерікті мектеп клубтарының онлайн-слеті өтті
“Nur Otan” партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті
СҚО-да жөнделген 2 жол учаскесі қолданысқа тапсырылды
СҚО-да өткен аптада санитарлық талаптарды бұзудың 88 фактісі тіркелді
Тимирязев ауданында 4 мектеп пен 2 мәдениет үйі жөнделді
“Мен – чемпион Pro” жобасының балалар спортын дамытудағы үлесі
Петропавл айналасындағы 3 блокбекетке ақылды бейнекамералар орнатылды
Биыл жөнделген “Астраханка-Смирново” тас жолы қабылданбады
Петропавлда пәтер неге қымбат?
Локдаунды елемеген “Березовая роща”
Сот саласын реформалау көзделіп отыр
Кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізілді