МТРА жаңалықтары

Аққайың ауданында бағаны тұрақтандыру қоры құрылды

Аққайың ауданында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын негізсіз өсіру фактілері тіркелді. Мәселен, кей дүкендерде күріш – 400, ал қарақұмық 390 теңгеге саудалануда. Мәселені шешу үшін ауданда бағаны тұрақтандыру қоры жұмысын бастады. Әрі құны төмендетілген ет, сүт өнімдері мен көкөністерді  жұма сайын өткізілетін жәрмеңкеден алуға болады. Смирново селосында ұйымдастырылған дәстүрлі шараны біздің түсірілім тобы көріп қайтты.

Смирново селосы тұрғындарының әр жұмасы жәрмеңкеден басталады. Себебі, бұл – азық-түлікті арзанға алуға таптырмас мүмкіндік. Құны дүкендермен салыстырғанда 10-15 пайызға төмен. Ұтымды сәтті пайдаланып Валентина Шамрицкая ет алуға келіп отыр.

Валентина Шамрицкая, Смирново селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Еттің бір емес, бірнеше келісін алдым. Дүкендегіден әлдеқайда арзан. Оған қоса сатушылармен келісіп, құнын аз-маз түсіртуге болады. Қазір ірімшік сатып аламын. Өткен аптада қысқа қырыққабат, пияз сынды көкөністермен қамданған болатынбыз.

Валентина Шамрицкая жерқоймасын көкөніске толтырса, Смирново селосының өзге тұрғындары бұл шаруаны әлі жалғастыруда. Қазір елді мекендіктер картоп, сәбіз, қызылша мен пияз дегеннің барлығын қаппен әкетіп жатыр. Мәселен, «Иван Зенченко» серіктестігінің қызметкерлері жәрмеңкеге 20 минут бұрын ғана келіпті. Саудаларын енді ғана бастап еді, көкөніске толы газельдері жартылай босап қалды.

Альбина Сейткозиева, «Иван Зенченко» ЖШС сатушысы:

–  Біз жәрмеңкеге апта сайын келеміз. Бір келі картоп – 90 теңге, пияздың келісі – 80 теңге. Тұрғындарға өте ұнайды. Тез сатып алады. Жалпы, 50 қап картоп, 20 қап сарымсақ әкелдік.

Жәрмеңкеге Петропавл мен ауданның түкпір-түкпірінен арнайы келген кәсіпкерлер де баршылық. Тұрғындарға бірі сүт өнімдерін, енді бірі балдың түр-түрін ұсынуда.

– Май алуға келдім. Жиі аламын. Бағасы – жақсы. Жиі келемін. Керек-жарығымда осыннан алып отырамын.

– Азық-түлік сатып алу үшін қазір ешқайда барудың қажеті жоқ. Бұрын әдейілеп Петропавлға жол жүретін едік. Енді бәрін өзімізден алуға болады. Бағасы қалта қақпайды. Сапасы да жақсы.

Қысқа азықпен ауылдықтар тек өздері үшін ғана емес, қорадағы төрт түлігі үшін де қамдануда. Мына камаздардағы сабан пен шөптің барлығы жәрмеңке ашылғанда-ақ сатылып кетіпті. Қазір жүргізушілер оны иелеріне жеткізіп бермек.

Оралбек Әубәкіров, Аққайың аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Жәрмеңкеге негізінен «Полтавское», «Дайындық» пен «Гагарино» сынды серіктестіктер қатысады. Сабанның теңі – мың теңге, шөптің теңі 3500-ден саудалануда. Ал бидай қалдықтарының тоннасын 30 мыңға алуға болады.

Тұрғындардың жәрмеңкеге неліктен ағылатыны түсінікті. Аққайың ауданындағы дүкендерде азық-түліктердің бағасын негізсіз көтеру фактілері тіркелді. Мұны өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов әкімдік отырысында да айтқан болатын. Кейбір кәсіпкерлер ұн мен жарманың құнын 30-40 пайызға дейін шарықтатқан екен. Ал талапқа сәйкес өндірушінің бағасына тек 15 процент қана қосуға болады. Сын айтылғанымен, жағдай әлі де өзгермеген сыңайлы.

Евгений Остертак, Аққайың аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Қиялыдағы «Союз» бен «Аист» дүкендерінде күріш – 400 теңгеден, Шағалалыдағы «Элитада» – 310, қарақұмық 390 теңгеден саудалануда. Соңғысының келісі Камышлово селосында тіптен 412 теңгеге дейін жетеді. Тоқшындағы кәсіпкерлердің барлығы бағаны өсіріп жіберген.

Мәселені шешудің бірден-бір жолы – ауданда бағаны тұрақтандыру қорын құру. Жергілікті атқарушы орган бүгінде орталыққа қарақұмықтың – 16, бұршақтың 12 және арпа жармасының 6 тоннасын жеткізіпті. Өніммен ауданның барлық дүкендерін қамту жоспарланған. Сонда баға да шарықтамайды. Оны Аққайыңның әкімі басқаратын штаб өкілдері қадағалауда ұстамақ.

Рүстем Елубаев – Аққайың ауданының әкімі:

– Бүгінгі таңда ауданда мониторингілік топ жұмыс істейді. Оған аудандық мәслихаттардың депутаттары мен нұротандықтар кіреді. Барлық округтердегі дүкендерге жұмасына бір рет шығып, мониториг жасаймыз. Құс фабрикасымен келісім бар. Жұмыртқаны 300 теңгеден алып, 315-320 теңгеден сатамыз.

Аудандық аграрийлер биыл 700 гектарға – жасымық, 432-сіне – қарақұмық пен 2 мың гектарға бұршақ егіпті. Жиналған астықтың барлығын диқандар «Рахат Опт» серіктестігіне өткізіп, жарма зауытынан дайын өнімге қол жеткізуде. Олардың құны бағаны тұрақтандыру қоры аясында төмендетіліп, саудаға шығарылмақ.

Эльмира Садвокасова