Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тайынша ауданына жаңа әкім тағайындалды

Мал шаруашылығын дамытып, сүт фермаларын тұрғызу қажет. Мемлекет кәсіпкерлерге қолдау беруге дайын. Кеше тағайындалған Тайынша ауданының жаңа әкіміне Құмар Ақсақалов осындай тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, өңір басшысы атқамінерге Тайынша, Келлеровка және Чкалов елді мекендерінің жолдарын ретке келтіріп, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Тайынша ауданын бұған дейін 2 жыл бойы Иван Турков есімді азамат басқарды. Енді ол облыс әкімінің орынбасары лауазымында еңбек етіп жүр.Жергілікті мәслихаттың кезектен тыс 51-ші сессиясында облыс басшысы Тайынша ауданының әкімі лауазымына Руслан Аңбаевтың кандидатурасын ұсынды. Халық қалаулылары бұл шешімді бірауыздан қолдады. Руслан Аңбаев 1978 жылы Тимирязев ауданы Целинное ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын салық органдарында бастаған, соңғы 2 жыл Мамлют ауданын басқарды. Жаңа әкім облыс басшылығы қойған тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, ауданның гүлденуіне сүбелі үлес қосатынын жеткізді.

РУСЛАН АҢБАЕВ – ТАЙЫНША АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Құрметті Құмар Іргебайұлы, маған сенім артып отырғаңызға алғыс айтамын. Ауданның әлеуеті жоғары. Оны дамыту және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында еңбек етемін. Мәслихат депутаттарымен бірлесе әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді еселей аламыз деп ойлаймын.

Тайынша ауданы биыл дамудың даңғыл жолына түсті. 8 жыл бойы тұралап қалған «Биохим» жұмысын жандандырып, шошқа фермасы іске қосылды. Келер жылы да атқарылатын жоспар ауқымды. Оны лайықты түрде жүзеге асыру қажет деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
 

–  Ауданда сүт фермалары саусақпен санарлық. Мал шаруашылығын әлі де дамыту қажет. Биыл 10 ферма тұрғызылып жатыр. Келер жылы осы ауданда салынуы қажет. Мал шаруашылығының ет және сүт бағытында жұмыс істеуіміз қажет. Мемлекет тарапынан субсидиялар қарастырылған. Кәсіпкерлер бұл қолдауды пайдалануы тиіс.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Руслан Аңбаевқа жол мен су мәселелеріне қатысты тапсырмаларды да жүктеді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

– Келер жылы Тайынша, Келлеровка және Чкалов елді мекендерінің жолдарын ретке келтіруіміз қажет. Бүгінде ауданда халықты сумен қамту мәселесі өзекті. 7 жоба дайын. 2021 жылы су құбырларын салу бойынша бұл жобаларды жүзеге асыру қажет. Қаражат жеткілікті. Ең бастысы тұрғындарды таза ауыз сумен қамту болып отыр.

Мамандардың айтуынша 2021 жылы ауданда 2 орта мектептің құрылысы басталмақ. Бірі Тайынша қаласында болса, екіншісі Вишневка ауылында бой түземек. Сондай-ақ, жабық хоккей қорабы салынып, жаңа үлкен футбол стадионы қолданысқа берілмекші.