Құқық қорғау органдары

Петропавлда 60 келі марихуана тасымалдамақ болған ер адам ұсталды

Жыл басынан өңір полицейлері заңсыз айналымнан 390 келіден астам есірткі тәркіледі. Соңғы жағдай бірер күн бұрын тіркелді. Тәртіп сақшылары наша саудалап, бизнес жасамақ болған қала тұрғынын ұстады. Пысықай 3 қапқа толы марихуананы тасымалдау барысында құрықталып, қамауға алынды.

Toyota маркалы көлік жүргізушісін полицейлер Қизатов пен Хименко көшелерінің қиылысында тоқтатыпты. 44 жастағы азаматтың қасында 70-ші жылғы қала тұрғыны отырған. Темір тұлпардың жүк салғышынан тәртіп сақшылары скотчпен қапталған есірткіге толы 3 қап тапты. Анықталғандай, марихуана машинадағы жолаушыға тиесілі екен. Зиянды затты ол белгісіз біреуден алып, діттеген жерге дейін жеткізіп салу үшін жүргізушіні жалдаған.

Руслан Назаров – СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Сот-химиялық сараптамасының нәтижесіне сәйкес, зиянды зат марихуана болып табылады. Салмағы – 60 келі. Полицейлермен құрықталған азамат құрылыс бригадасында жұмыс істейді. Қала тұрғыны осыған дейін де ұқсас қылмысы үшін құрықталған. Аталған іс ҚР ҚК 296-бабы, 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне енгізілді.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, қазір полицейлер оқиғаның анық-қанығын анықтап жатыр. Жыл басынан тәртіп сақшылары 390 келіден астам есірткіні заңсыз айналымнан тәркілеген. Оның 1690 граммы түрлі синтетикалық зиянды заттарға жатады. Қылмыстық жауапкершілікке 85 адам тартылды.

Эльмира Садвокасова