Мәдениет

«Мәңгілік» би ансамблі халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды

Жергілікті «Мәңгілік» би ансамблі  Ресейде өткен “Қозғалыстағы өмір” атты  халықаралық байқауда жеңімпаз атанды. Қашықтықтан ұйымдастырылған конкурста шығармашылық ұжым қазақтың ұлттық биі “Қамажайды” билеп, көпшіліктің көңілінен шыққан. Солтүстікқазақстандықтар сайыс қорытындысы бойынша 10 мың лүпіл жинапты.

«Мәңгілік» би ансамблі билеген кезде еріксіз таңдай қақтырады. Қазақ, өзбек, татар, орыс – кез келген ұлттың өнерін нақышына келтіріп билейді. Заманауи жанр мен классикадан да кенде емес. Талантты ұжымға бүгінде 15 жас мүшелік етуде. Соның бірі – Камила Тасемен. Бойжеткеннің топтың құрамында өнер көрсетіп жүргінене небәрі – 2 ай. Аз уақыттың ішінде Камила біраз қимылды үйреніп, жетістіктерге де жетіп үлгеріпті.

Камила Тасемен – «Мәңгілік» би ансамблінің бишісі:

– Жұмысымыз «тамаша» деген бағаға ие болды. Осындай жетістікке жету үшін тынбай еңбектенеміз. Ансамбльді алға жетелейміз. Күніне біз 3 сағат дайындаламыз.

Бидің құдіретін түсіну үшін бишінің қимылына ғана емес, жанарына да назар салу керек дейді би шеберлері. Жергілікті ұжым көздегі от, бойдағы қуат жандандырған еңбек, табандылықтың арқасында жақында дүбірлі доданың жеңімпазы атанды. «Қозғалыстағы өмір» Халықаралық бишілер конкурсы қыркүйектің 21-і мен қазанның 12-сі аралығында Ресейдің Новосібір қаласында өтіпті.

Кристина Гурьянова – «Мәңгілік» би ансамблінің бишісі:

– Байқауға 18 бен 30 жас аралығындағы бишілер қатысты. Ережеге сәйкес, біз бір нөмір әзірледік. Дайындығымызды видеоға түсіріп, қазылар алқасына жолдаған болатынбыз. Үздіктер көрермендердің лайк басуы арқылы анықталды.

Бишілердің халықаралық сайысында солтүстікқазақстандықтардан бөлек, 100-ге жуық өнер ұжымы қатысқан. «Мәңгілік» би ансамблі байқауда қазақтың ұлттық биі “Қамажайды” билепті. Жастардың өнері көпшіліктің көңілінен шыққан көрінеді. Қолдау көрсеткендердің қатары көп болып, жерлестеріміз топ жарды. Осылайша, 1-ші орынға ие болды.

Михаил Лахтин – “Мәңгілік” би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Бастапқы кезеңде жеңіске жетеміз деген ой болған жоқ. Өйткені, қарсыластарымыз да осал емес екен. Бірақ, бізге солтүстікқазақстандықтармен қатар көршілес елдің жанкүйерлері қолдау көрсеткенін көріп, күш-жігеріміз артты. Олар бізге қошеметін көрсетіп, жақсы пікірін қалдырып отырды. Өнерсүйер қауымға басымды иіп алғысымды айтамын.

«Мәңгілік» би ансамблі қазір дайындықты күшейткен. Алдағы уақытта 3 елде өтетін онлайн байқауда бақ сынамақ. Колумбия, Бразилия мен Оңтүстік Кореяда ұйымдастырылатын конкурстарда қазақтың ұлттық биін билемекші.

Маржан Қасымбек