ТЖ

Өңірде жыл басынан 547 өрт оқиғасы тіркелді

Ағымдағы жылы тілсіз жау  43 солтүстікқазақстандықтың өмірін жалмады. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 30 пайызға көп. Жалпы, бүгінге дейін өңірде 547 өрт оқиғасы тіркелген. Басым бөлігі жеке секторда орын алған. Құтқарушылардың сөзінше, қызыл жалынның бас көтеруіне көбіне тұрғындардың немқұрайлылығы себеп болып жатады.

Жыл сайын өңірде өрт оқиғалары көбеймесе азаяр емес. Әсіресе, жылыту маусымы басталысымен жеке тұрғын үйлерде оттың шығуы мен газдан улану фактілері жиілей түседі. Мәселен, соңғы жағдай күні кеше ғана Ойқала шағын ауданында орын алды. Құтқарушылар баспана ішінен 73-ші жылы туылған үй иесінің денесін тапқан. Мамандардың сөзінше қызыл жалын сөндірілмеген темекі тұқылынан тұтанған.

Жазира Қожахметова – СҚО ТЖД ақпараттық-талдау тобының бас маманы:

– Сондай-ақ, қазанның 27-сі Айыртау ауданы Айыртау селосының маңындағы карьердегі жылжымалы тұрғын вагонда өрт шықты. Онда 60 жастағы ер адамның денесі табылды. Оттың себебі – жылыту пешін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу болып табылды.

Жалпы, жыл басынан өңірде 547 өрт оқиғасы тіркелді. Тілсіз жаудың салдарынан 43 жерлесіміз көз жұмды. Оның 5-уі – бала.
СҚО төтенше жағдай салдарынан болған өлім жөнінен республика бойынша 2-ші орында тұр. Көңіл көншітпейтін статистикаға бірқатар факторлар себеп болып отыр дейді құтақарушылар.

Жазира Қожахметова – СҚО ТЖД ақпараттық-талдау тобының бас маманы:

– Олардың бірі – халықтың осал топтарына жататын өңір тұрғындарынң басым бөлігінің әлеуметтік жағдайы. Біздің есепке 4557 мекен-жай алынды, онда 16 944 адам тұрады. Бұл тұрғын үйлердің өртке қарсы жай-күйі өте қауіпті. 3 мыңға жуық баспана электр жабдықтары мен жылыту жүйелерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін бұзған.

Бұндай жайттардың алдын алу мақсатында құтқарушылар тұрғындармен жүздесіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жаднама қағаздарын таратады. Профилактикалық жұмыстардан бөлек, мамандар қоғамның әлжуаз тобына жататын азаматтардың үйлеріне барып, олардың сатып алған дабыл қаққыш датчиктерін тегін орнатып береді. Биыл мұндай құрылғы 300-ге жуық баспанаға қойылған.

Ешкенова Дана