Білім

Қазақ мектеп-гимназиясында мобильді карта жұмыс істеп тұр

Абай әлемін тануға арналған заманауи әдіс. Қазақ мектеп-гимназиясы Петропавлда алғашқылардың бірі болып оқушыларға мобильді карта ұсынды. Тың дүние  қолдағы телефонды қолдана отырып, ақынның өмірімен, шығармашылығымен танысуға мүмкіндік береді. Бастама Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында іске асырылып отыр.

Абай Құнанбаевтың шығармашылығына қызығушылық танытатын жас буынның қатары күннен-күнге артып келеді десек, артық айтқанымыз емес. Алдияр Ислямбеков – Қазақ мектеп-гимназиясының 3-сынып оқушысы. Жеткіншек ақынның өлеңдерін 5 жасынан бері жаттап жүр. Бүгінде 12 бірдей туындысын біледі.

Алдияр Ислямбеков – Қазақ мектеп-гимназиясының 3-сынып оқушысы:

– Ең сүйікті өлеңім – “Жүрегім, нені сезесің”. Жүрегім, нені сезесің. Сенен басқа жан жоқ па? Дүниені көңілім кезесің. Тиянақ жоқ па? Қой, тоқта.

Ал Алдиярдың сыныптасы Жансая Манқошева Абайдың 31-ші қара сөзін жатқа біледі. Ол кітапханаға жиылған жандарға өз өнерін көрсетіп, мәнді де мағыналы сөздерді жүректен жүрекке жеткізді.

Білім ошағы қашықтықтан оқыту форматына көшкелі бері мектептегі кітапхана жаңа бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Бүгінде мұнда QR код арқылы қызмет ететін мобильді карта бар. Оның көмегімен оқушылар Абай Құнанбаевтың өлеңдерін оқи алады. Бір қызығы, туындыларды қашықтықтан да оқуға болады. Мұндай жаңашылдық ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында қолға алынған.

Райгүл Байматова – Қазақ мектеп-гимназиясының кітапхана меңгерушісі:

– Бұл картаның көмегімен балалар смартфон арқылы Абай туралы кез келген мәліметті ала алады. Қазақстанда және шет елде Абай туралы қандай жаңалықтар бар екенін білуге көмектеседі.

Тағы мұнда “Ақылды кітапхана” атты мобильді кітап қабырғасы орнатылды. Оқушылар ондағы еңбектерді QR код арқылы смартфондарына жүктеп, кез келген уақытта оқи алады.

Райгүл Байматова – Қазақ мектеп-гимназиясының кітапхана меңгерушісі:

– Бұл кітапханада қазақ, орыс, ағылшын тілінде жазылған әлем классиктерінің шығармалары қойылған. QR кодты кітаптарымызда 300-ге тарта тақырып бар. Соны ашып, оқушылар кез келген уақытта оқи алады.

Қазақ мектеп-гимназиясының ұжымы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында көрме де ұйымдастырған.

Казиканова Алтынай