Білім

Студенттер волонтерлік тәжірибеден өтуде

Сапасыз тауар сатып алған немесе алаяқтардың құрығына түскен жандар кімнің қолдауына жүгіне алады? Көпшілікке құлаққағыс, бүгінде ерікті студенттерден көмек сұрауға болады. Болашақ заңгерлер білікті мамандармен бірлесіп, күрделі түйткілдерді шешуге ат салысады.

Лаура Тунгатова – болашақ заңгер. Қозыбаев университетінің студенті қазір Тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау қауымдастығында волонтерлік тәжірибеден өтіп жатыр. Бойжеткенге маңызды міндет жүктелген. Қатарластарымен бірге тұрғындардың арыз-шағымдарын қабылдайды. Түсетін өтініштер баршылық. Олардың басым көпшілігі тауардың сапасына қатысты.

Лаура Тунгатова – Kozybayev University студенті:

– Тәжірибеден өтіп жатқаныма – 2-ші апта. Басында алыстау болып көрінген іске қазір үйреніп алдым. Азаматтардың өтініштерін қағазқа түртіп алып, тиісті органдарға жібереміз.

Жақында мұндағы мамандардың көмегіне 2 солтүстікқазақстандық келіп жүгінген. Әрқайсысы 2 ай бұрын 700 мың теңгеден астам сомаға массаж жасайтын креслоға тапсырыс берген. Біреуі ақшаны қолма-қол ұсынса, екіншісі төлем жасау үшін несие рәсімдеген. Алайда, тиісті тауардың орнына мүлдем басқа дүние келіпті.

Бұл мәселе 2 айдың ішінде шешілді. Алаяқтар алматылық компания өкілдері болып шықты. Олар Қазақстанның қалаларын аралап, “тауарларын” жұртшылыққа таныстырады екен. Сосын барып орнына басқа затты жіберіп отырған.

Сюзанна Айрапетян – Kozybayev University студенті:

– Бұрын осы сынды оқиғаға тап болған жоқ едім. Мәселенің шешілуіне өзіндік үлес қосқаныма ырзамын. Мұнда жинақтаған тәжірибем болашақта жақсы маман болуыма септесетініне сенімдімін.

Тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау қауымдастығында 6 студент тәжірибеден өтуде. Әрқайсысы ұйымға ерікті ретінде, яғни өз қалауларымен келген.

Арман Растенов – СҚО бойынша заңгерлік көмек көрсету жөніндегі кабинетінің заңгері:

– Студенттер аптасына 2 сағаттан 3 күн жұмыс істейді. Жалпы, 20 сағат еңбек етулері тиіс. Бізге келемін деуші жандарға есігіміз әрдайым ашық. Біз волонтерлермен алғаш рет бірге қызмет етудеміз.

Жыл басынан бері заңгерлік көмек көрсету жөніндегі кабинетке тұрғындардың тарапынан 120-ға жуық өтініш келіп түскен. Оның басым бөлігі шешілген.

Жанна Бисенова