МТРА жаңалықтары

Сот саласын реформалау көзделіп отыр

Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау. Алдағы уақытта болашақ “судьяларға” қойылатын ережелер қатаңдатылып, талаптар күшейтілмек. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен судьялардың VIII съезінде айтты. Алқалы жиынға өңір судьялары мен шетелдік сарапшылар қатысқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Карантинге қарамастан азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Ақпараттық технологияның арқасында сот процесін қашықтан жүргізу форматына жедел көшірдік. Бұл ұтымды әрі оңтайлы шара болды.

Үстіміздегі жылдың қаңтары мен қазан аралығында өңірдегі аудандық және оларға теңестірілген соттарда 800-ден астам қылмыстық іс қаралған. Басым бөлігі қашықтықтан атқарылған. Алқалы жиында Мемлекет басшысы осындай соттардың және құқық қорғау жүйесін реформалауға баса мән беру керек деді.
Ол үшін ең алдымен үш буынды модель құрылатын болады.

Гүлзия Едрисова – облыстық соттың судьясы:

– Азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін арттыру қажет. Осы орайда Мемлекет басшысы сот процесін бұрынғыдан да түсінікті және ыңғайлы қылу қажет деп тапсырма берді. Сот жүйесіндегі үдерістерге ең алдымен, азамат, кәсіпкер, инвестор мүддесі тұрғысынан қарай білу керек.

Судья болуға ниетті жандарға қойылатын талаптар күшейтіліп, кандидаттарды іріктеу үдерісі күрделендіріледі. Мемлекет басшысы бұл ретте дамыған елдердің тәжірибесін қолдануды ұсынды. Себебі, шет елдерде ереже мен сынақ көп. Олардың барлығын ескерген және сүрінбей өткендер ғана “судья” лауазымына тағайындалады. Президенттің сөзінше, Қазақстан да осы практиканы енгізуге міндетті.

Гүлзия Едрисова – облыстық соттың судьясы:

–  Бұрын судья болуға өтініш білдірген 30 адамның 80 пайызы лауазымға тағайындалатын. Алдағы уақытта барлық талаптарға сай келетін 1 ғана үміткер судья атана алмақ. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы судьялардың кәсібилігін арттыру үшін жаңа тәсілдердерді қолдану қажеттігін айтты. Сот төрелігі мен сот ісін басқарудың сапасын жақсартуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот үдерістерін оңтайландыру және дау-дамайларды шешу барысында бітімгершілік тетіктерін енгізу мәселесіне де назар аударды. Екі жақты келістірудің негізгі жолы – медиация. Бұл әдіс біздің өңірде жиі қолданылады екен.

Маржан Қасымбек