МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 9 айды қорытындылады

2018 жылдан бастап мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті  өңірде 200-ден астам мекемеде түгендеу шарасын жүргізген. Тексеру нәтижесінде 10 мың шаршы метрден астам аумақтың қолданылмай жатқандығы белгілі болды. Қазіргі күні нысандар тиісті талаптарға сай етіліп оңтайландырылған. Бұл жайлы департамент басшысы Аман Төрегелдин “Антикор” орталығында өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Биыл облысымызда жекешелендірілген мүліктерді сату бойынша 98 аукцион өткізілді. Нәтижесінде мемлекеттік қазынаға 22 млн теңгеден астам қаржы түскен.

Аман Төрегелдин – СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы:

– Бүгінге дейін реестрге негізсіз 12 мың 363 бірлік мүлік түсті. Оның 5,5 мыңнан астамы мемлекеттік заңды тұлғаларға берілген. Анықталған дүниелердің 1862-сі электрондық аукцион арқылы сатылды. Саудадан 2 млн теңгеден астам ақша түсті.

Қазіргі күні департамент жалға берілетін 24 нысанды мемлекеттік реестрдің веб-порталына шығарды. Арендалық төлемнің орташа бағасы 1420 теңгені құрайды. Бос тұрған ғимараттардың көбісі облысымыздағы өндіріс саласын өркендетуге беріліпті. Яғни, жиһаз жасау, тігін тігу мен өсімдік өсіру үшін үлестіріліпті.

Аман Төрегелдин – СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы:

– Есептік кезеңде мемлекеттік мүлікті жалға беру аясында 30 келісім шарт жасалды. Арендалық төлемнен 20 млн теңгеден астам қаржы түсті. Айта кетейік, мүлік электронды түрде үлестірілгендіктен жалға алушылар арасында бәсекелестік айтарлықтай өсті. Мұның нәтижесінде баға ұсынымдары мен тендерлерге қатысушы жандардың қатары артты.

Тағы Аман Төрегелдиннің сөзінше, 2020 жылдың қыркүйегінде мекеме сот актілері негізінде 2 әкімшілік үй-жайды бюджет есебіне тәркіледі. Қазір олар мемлекеттік және заңды тұлғаларға беру үшін аукционға шығарылды. Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап департамент өңірдің 213 мемлекеттік мекемесінде түгендеу шарасын жүргізген. Тексеру нәтижесінде 10 мың шаршы метрден астам аумақ қолданылмай жатқаны белгілі болып, оңтайландыруды қажет ететіндігі анықталған. Бүгінде оңтайландыру ісі аяқталыпты.

Бердимурат Баймухан