Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мамлют ауданында – жаңа басшы

Мамлют ауданында – жаңа басшы. Бұл қызметке 30 жастағы Владислав ЛукИн лайық деп танылды. Азамат еңбек жолын 2012-де бастап, қарапайым маманнан  Петропавл қаласы әкімінің орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Мамлют ауданының жаңа басшысын бүгін аудан активіне өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов таныстырып, бірқатар міндет жүктеді.

Жылма-жыл Мамлют ауданын гүлдендіруге бөлінетін қаражат өсуде. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында әлеуметтік маңызы бар нысандар жөнделіп, елді мекендер таза ауыз сумен қамтылып, жолдары қалыпқа келтірілуде. Бұл – аудан басшысы қызметін 2 жылға жуық уақыт атқарған Руслан Аңбаевтың еңбегінің нәтижесі. Атқамінер басқа лауазымға ауысуда. Сондықтан, шаруаны экс-әкімнің ізбасары жалғастыратын болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– ҚР Президент әкімшілігінің келісімі бойынша Лукин Владислав Геннадьевичтің кандидатурасын ұсынып отырмын. Ол 1990 жылы Петропавл қаласында туылған. Өзіміздің жергілікті университетте жоғары білім алды. Мамандығы – құрылысшы.

Еңбек жолын Владислав Лукин 2012-де құрылыс басқармасындағы бөлімдердің бірінде бас маман ретінде бастады. Содан бері мансап баспалдағымен өсіп, 2017-де аталған ведомство басшысының орынбасары қызметін атқарды. Ал, ағымдағы жылдың наурызында Петропавл қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Қысқасы атқамінердің 8 жылда жинаған тәжірибесі мол. Білімді де, білікті азамат Мамлют ауданында да бірталай шаруаны тындырып, елді мекендіктердің әл-ауқатын көтеруге бүгіннен-ақ білек сыбана кіріспек.

Владислав Лукин – Мамлют ауданының әкімі:

–  Маған артқан сенімдеріңіз үшін алғыс білдіремін. Мамлют ауданында мемлекеттік бағдарламаларды іске асырып, Ел Президентінің жүктеген тапсырмаларын орындауға барымды саламын. Құрметті депутаттар, менің кандидатурамды қолдағандарыңыз үшін рахмет. Алдағы уақытта ауылдағы ағайынның жағдайын жақсарту үшін бірге еңбектенейік.

Жаңа басшыға артылған жүк салмақты. Ауылдағы тіршілік нәріне қатысты мәселе әлі толық шешілген жоқ. Елді мекендерге апаратын және селоішілік жолдар да жөндеуді талап етеді. Одан бөлек, аудан орталығындағы 2 қабатты баспаналарды орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу көзделіп отыр. Шаруаны жаңа қарқынмен жалғастыру үшін келесі жылдың бюджетін айқындап жоспарлау қажет. Қазынадағы қаржы ең алдымен әлеуеті жоғары салаларға бағытталатын болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Калугино селосында ірі жоба қолға алынуда. Елді мекенде сүт-тауарлы ферма жұмысын бастамақ. Мұндай кәсіпорындардың саны жылма-жыл көбейіп отыруы тиіс. Бағытты дамыту үшін қолайлы климат пен мемлекеттен қолдау бар. Сондықтан, егін егумен ғана айналысатын аграрийлерді мал шаруашылығына белсенді тарту қажет.

Ауданның жері де өте құнарлы дейді өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов. Бірақ, кейбір аграрийлер соның өзін дұрыс пайдалана алмай, алқаптарда жайқалтып егін өсірудің орнына, арамшөп қаптатуда. Жауапкершілігі төмен бизнесмендерден егістік аумақтар тартып алынып, өзге іскер жандарға берілмек. Тағы Владислав Лукинге өнеркәсіпті ілгері дамыту міндеті жүктеліп отыр. Қызығушылық танытқан қалталы азаматтардың бірі жақын арада ағаш өңдеуді бір жолға қоймақ. Кәсіпкер құны 1,5 млрд теңге болатын қондырғыларды әкеліп, орнатыпты. Қазір өнімнің сапасын сараптамадан өткізуде. Жаңа инвесторлар Меңгесерге де тартылып жатыр. Қалталы азаматтар су мен балшығы емдік қасиетке ие көлдің маңын абаттандырып, мекенді нағыз курорттық орынға айналдырмақ.

Эльмира Садвокасова