МТРА жаңалықтарыДенсаулық сақтау

Өңірге 8 жылжымалы медициналық кешен жеткізілді

Еліміздің аймақтарында жылжымалы диагностикалық медициналық кешендер пайда болды. Автобус-емханалар  сапалы медициналық көмекті шалғай ауылдардағы ағайын үшін қолжетімді етпек. Мамандар осындай көліктермен алыстағы елді мекендерді аралап, ондағы жұртшылыққа қызмет көрсетеді. Осылайша, ауылдықтар дәрігерге қаралу үшін 1 күн емес, небәрі 1-ақ сағат уақыт жұмсайтын болады. Солтүстік Қазақстан облысына мұндай кешеннің 8 данасы жеткізілді.

Саят Ермек – тілші: 

– Бұл автобусты шағын емхана деп сеніммен айтуға болады. Біріншіден, мұнда рентген бөлмесі бар. Мына жерде терапевт қабылдау жүргізеді. Бұл жерде биологиялық анализдер, яғни сараптамалар алынатын болады. Оларды сақтайтын арнайы медициналық тоңазытқыш та орнатылған. Әрі қарай, науқасты қарайтын арнайы кушетка да жарақталған екен, ал түкпірде гинекологиялық орындық орналасқан.

Ескеретін жәйт, рентген бөлмесі қауіпсіздік үшін қорғасынмен қапталған. Автобус барлығы 7 арнайы кабинеттен тұрады. Ультрадыбыстық зерттеу мен ЭКГ-диагностика да қарастырылған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз бұл автобустарды не үшін алып жатырмыз? Ең біріншіден, шалғай ауылдарда тұрып жатқандар сапалы медициналық көмекті алу үшін аудан орталығына немесе қалаға барады. Ол – біраз шығын.

Енді, дәрігерге қаралмаққа жүздеген шақырымды еңсерудің қажеті шамалы, аурухананың өзі ауылға келеді. Осылайша, жылжымалы кешендер алыстағы жерлестерді скринингпен қамтып, дерттің түр-түрін бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік бермек. Диагностика, әсіресе, пандемия кезінде аса қажет.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Пневмония мен әр түрлі өкпе ауруларын, жыныс мүшелерінің ауруларын анықтаймыз. Сондай-ақ, жүкті әйелдерді қараймыз, керекті қан анализдерін аламыз және құрсақ, кеуде қуыстары мен әр түрлі бездердің УДЗ-сын жасаймыз.

Солтүстік Қазақстанға медициналық автобустардың 8-і әкелінді. Алдағы аптада көліктер сонша аудандағы орталық ауруханаларға берілмек. Олар – Уәлиханов, Ақжар, Аққайың, Шал ақын, Тимирязев, Мүсірепов және Жамбыл. Көліктер елді мекендерді кестеге сай аралап, жұртшылықты қабылдайды.

– Ең шалғай ауылдарға жылына неше рет баратын боласыздар?
– Жылына 3-4 рет.
– Балалардан бастап үлкендерге дейін қарайсыздар ғой?
– Иә.
– Едәуір көмек болады.

Автбустағы емхана жолға негізінен көктем мен күз аралығында шығатын болады. Ал қыста ауа райы мұрша берсе ғана. Көліктер дизельмен жүретіндіктен, теріскейдің сарышұнақ аязында оталмауы да мүмкін. Қар құрсауында қалу қаупі тағы бар. Одан қалды медкешендер кедергісіз қатынамаққа алыс ауылдарға апарар жолдардың жағдайын да жақсарту керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биылдың өзінде біз 1 мың шақырым жолды жөндедік қой. Келесі жылы да біраз қаражат бөлінетін болады. Жолдарды біз дұрыстап жатырмыз. Одан қалды, көліктерді сақтау керек. Өздеріңіз көріп отырғандай, қондырғылары көп, автобустар қымбат. Сондықтан, аудан оны күтіп ұстауы керек.

Ұқыптылық, шынымен де, керек, өйткені кешендер ел қазынасына арзанға түспеді. Бір-біреуінің құны – шамамен 150 млн теңге. Автобустар Қазақстанда жиналған. Қазанның 23-іне дейін аймақтарға мұндай жылжымалы медициналық кешендердің 100 данасы табысталды. Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарына 8 көліктен берілді. Ал, мәселен, Қарағанды облысы – 5-еуін, Павлодар өңірі 3-еуін еншіледі.

Саят Ермек