МТРА жаңалықтары

Ұжымдық келісім шарт жасасудың тиімділігі

Ұжымдық келісім шарт жасасудың тиімділігі. Мұндай құжат түрі екі тарап үшін де пайдалы дейді мамандар. Өйткені, әрі еңбек адамының құқығы қорғалады, әрі жұмыс сапасы да артады. Бүгінде облыс көлемінде 1200-ден аса мекемеде ұжымдық келісім шарт жасалған. Бүгін әріптестерім “Мұнаймаш” зауытына барып, құжаттың іс жүзінде жүзеге асырылуына көз жеткізіп қайтты.

Даир Халитов “Мұнаймаш” зауытында 7 жылдан астам уақыт еңбек етеді. Азамат жұмысқа қабылданған күні-ақ мекемедегі кәсіподақ ұйымына мүше атаныпты. Бұл шешіміне еш өкінбейді. Себебі, кәсіподақ құрамына кірісімен жалақысы 7%-ға өсіп, түрлі жеңілдіктер пайда болған екен. Мәселен, дәстүрлі демалысқа кетерде берілетін тиісті ақшадан бөлек, денсаулықты жақсарту үшін 1 айлық табысы көлемінде ақша төленеді екен. Бұның бәрі ұжымдық келісім шарттың арқасында жүзеге асырылады.

Даир Халитов – “Мұнаймаш” АҚ білдек операторы:

– Менің жалақым тұрақты түрде картама түсіп отырады. Одан бөлек, мен бұрын фитнес орталыққа баратынмын. Сол кезде кәсіподақ ұйымы соманың 50%-ын өтейтін. Шипажайға барғанда да ақшаның тең жартысын төлеп береді. Тағы, әр Жаңа жыл мерекесі қарсаңында маған және отбасымның мүшелеріне сыйлықтар табысталады.

Бертінге дейін зауыттағы жұмысшылардың басым бөлігі егде жастағы адамдар болған. Тура 3 жыл бұрын кәсіпорынға жастар келе бастапты. Оған жалақының уақытында төленуі мен түрлі жеңілдіктердің ұсынылуы себепші дейді мамандар. Әрі үздік еңбеккерлерге жылына 3 рет сыйақы табысталады. Мұның барлығы келісім шартта жазылған.

Нина Овсянкина – “Мұнаймаш” АҚ кәсіподақ ұйымының төрайымы:

– Қазіргі ұжымдық келісім шарт 2018 жылы қолданысқа енді. Ол әр 2 немесе 3 жыл сайын жаңартылып отырады. Құжатты құрған кезде еңбеккерлердің шағымдары ескеріледі. Біздің мақсатымыз – жұмыстың сапасын арттыру үшін барынша жағдай жасау әрі кадрларды жоғалтпау.

Жалпы, бүгінде зауытта 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның 97%-ы – кәсіподаққа мүше. Тиісінше, олардың құқықтары ұжымдық келісім шарт аясында қорғалады. Мәселен, жалақының берілуі, зейнетақы жарналары мен өзге де төлемдерді аудару тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, жұмыс уақытының тым ұзаққа созылмауы жіті қадағаланады.

Людмила Голенкова – “СҚО кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы:

– Ұжымдық келісім шартты кез келген ұйым жасай алады. Бүгінде мұндай құжатты түрлі саладағы кәсіпорындар міндетті құжат ретінде қолданысқа енгізіп жатыр. Әсіресе, агроөнеркәсіп секторындағы ұйымдар. Себебі, онда жұмысшының еңбек жағдайынан бөлек, күнделікті тұрмысына да көмек қарастырылған.

Бүгінде облыс бойынша 1200-ден аса мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс жасайды. Олардың барлығында жұмыс беруші мен жұмысшы арасында ұжымдық келісім шарт жасалған.

Бисенова Жанна