Құқық қорғау органдары

Ұрлық фактісі 2 сағаттың ішінде әшкереленді

2 сағаттың ішінде ашылған ұрлық. Петропавл полицейлері гараждардың біріне қарақшылық жасаған 2 ер адамды ұстады. Ұрылар нысанның темір қақпалары мен ішінде тұрған көлік құралын қолды қылған. Қолының жымқырмасы бар жандардың пысықайлығы соншалық, ұрлаған дүниелерін, тіпті, сатып та үлгерген.

Александр Череп – Петропавл шетінде орналасқан мына гараждың иесі. Қазіргі күйіне қарасаң, нысан ұзақ уақыттан бері бос жатқанға ұқсайды. Бірақ, бірер күн бұрын ғимараттың есіктері болыпты. Оны бәзбіреулер қолды қылған екен. Темір қақпамен бірге ұрылар гараж ішінде тұрған “Дельта” маркалы мопедті де жымқырған. Шығынның көлемі 300 мың теңгені құрап отыр.

Александр Череп – қала тұрғыны: 

– Пришел, а ворота уже, получается, были сняты. Сразу обратился в полицию. Выехала оперативная группа.

Айдалада орналасқан гараждардың аумағында адамдар жиі жүре бермейді. Яғни, куәгерлердің болу екіталай. Сондықтан, полицейлер бірден жақын маңдағы бейнекамераларды шолып, екі күдіктіні байқапты. 2 сағат өтер-өтпестен ұрылар құрықталды. Оңай пайдаға кенелмек болғандар – 87-ші және 93-ші жылғы қала тұрғындары.

– Думали, бесхозный гараж. Сломали. Сдали на металлобазу. Открыли, а там стоит мопед. Продали его.

Ұрылардың екеуі де осыған дейін сотты болған. Бірақ, түрмеде өткен жылдар ер адамдарды ештеңеге үйретпеген сыңайлы. Қайталаған қылмыстары үшін екеуі де темір торға қайта қамалулары мүмкін.

Абылай Абдуахитов – Петропавл қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің аға тергеушісі:

–  ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың санкциясы ұрыны 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Бүгінде қолды болған мүліктің бір бөлігі иесіне қайтарылды.

Полицейлердің сөзінше, гараж атаулы – ұрылар үшін оңай олжа. Аймақ күзетілмейді әрі маңында жарық та жоқ. Осы орайда нысан иелері қауіпсіздік жағын жіті ойластырулары қажет дейді тәртіп сақшылары.

Эльмира Садвокасова