МТРА жаңалықтары

Мамандандырылған ХҚКО 3 жаңа көлікпен толықты

Жаңа әрі басқаруға ыңғайлы. Жуырда Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының паркі жаңартылды. Мұнда 3 бірдей “Лада гранта” маркалы автокөлік сатып алынды.

Милана Құсайынова өткен жазда қаламыздағы автомектептердің бірінде оқыды. Қолына сертификатын ала сала Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, тест тапсырған. Сынақ қорытындысы бойынша жақсы балл жинады. Бірақ, автодромдағы емтиханда сүрінді. Ол кезде жерлесіміз “ЗАЗ Шанс” темір тұлпарын басқарған екен. Бүгін орталыққа тағы келіп, өз бағын сынап отыр. Бұл жолы 26 жасар Милана “Лада гранта” машинасын жүргізді.

Милана Құсайынова – қала тұрғыны:

– Өкінішке қарай, бүгін тағы сынақтан өте алмадым. Келесі жолы жақсылап дайындалып келемін. “Лада гранта”-ны басқару әлдеқайда оңай екен.

Су жаңа “Лада гранта” Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жақында жеткізілді. Бір емес, дәл осындай 3 бірдей көлік әкелінді. Себебі, бұрынғы темір тұлпарлардың қызмет ету мерзімі өтіпті. Олар жиі істен шығып, емтихан тапсырушыларға қолайсыздық тудырған екен.

Евгений Зубков – Мамандандырылған ХҚКО бөлім басшысы:

– Автоцон паркі 2014 жылдан бері жаңартылған жоқ. Көліктер ескіргендіктен биыл орталық басшылығы жаңа машиналар сатып алды. Жеткізілген темір тұлпарлар қажетті қондырғылармен жарақталған. Олардың ішінде бейне мен дыбыс жазу құрылғылары бар. Заманауи жабдықтар емтиханның әділ өтуін қамтамасыз етеді.

Сөз соңында айта кетейік, өңірде жыл басынан бері 8 мың азамат жүргізуші куәлігін алған.

Дана Сәлімқызы