Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Қазсушар”-дың жергілікті филиалы тарифті өсіруді сұрап отыр

“Қазсушар”-дың облыстық филиалы өз қызметтері үшін тарифті өсіруді сұрап отыр. Соңғы 5 жыл ішінде өзгермеген Есілдегі тіршілік нәрінің бағасын кәсіпорын бірден 4 есеге қымбаттатпақ ниетте. Мұндай бастамаға мекеменің шығынға батуы себеп болса керек.

Сергеев, Петропавл және Шарық. Ерке Есіл бойындағы бұл үш қойма күллі Солтүстік Қазақстанды тіршілік нәрімен қамтып отыр. Гидротораптар “Қазсушар”-ға тиесілі. Жыл сайын кәсіпорынның жергілікті филиалы шамамен 40 млн текше метр су таратады. Негізгі тұтунышулар – “Қызылжар су”, “Есіл су”, “Севказэнерго”, Петропавл балық питомнигі сынды облыстағы 9 ірі компания әрі жерлерін суаратын диқандар. Бүгінде тіршілік көзінің 1 текше метрін олар жарты теңгеден сатып алып отыр. Бұл тариф тым төмен, салдарынан шығынға батып жатырмыз дейді филиал басшылығы. Олар табиғи монополияларды реттеу департаментінен келесі жылдан бастап бағаны текше метр үшін 1 теңге 86 тиынға дейін арттыруды сұрайды. Яғни, тариф құны бірден 4 есеге өсуі тиіс.

Шұғайып Ибатуллин – “Қазсушар” РМК СҚФ директорының міндетін атқарушы:

– Тарифтің қымбаттауынан түскен қаражат кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жаңартуға жұмсалады. Біздегі көліктердің басым бөлігі 20-30 жыл бұрын алынғандықтан, әбден ескірген. Жанар-жағармай да, коммуналдық қызметтер де, электр энергиясы да қымбаттады. Жұмсайтын ақша көлемі әжептуір артты. Одан қалды, қазір “Қазсушар”-дағы орташа жалақы – 121 мың теңге. Біз оны 168 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал мамандар тапшы болғандықтан, жұмысқа келгендерді өз қаражатымызға оқытып, біліктіліктерін арттырып тұрамыз. Өткен жылдың өзінде 8,5 млн теңгедей шығынға баттық. Сондықтан, бағаны өсіру бізге ауадай қажет.

Ал қоғамдық тыңдалымға қатысқан қоғам белсенділері мен журналистер бағаның өсуі ауыз су тарифінің қымбаттауына әкелмей ме деп алаңдаулы. Мәселен, шикізатты жарты теңге емес, шамамен 2 теңгеге алған манағы “Қызылжар су”-дың өзі ертең тазартылған тіршілік көзінің құнын арттырып жіберуі мүмкін. Шұғайып Ибатуллин мұны жоққа шығармады. Бірақ, ауыз су қымбаттағанның өзінде бұл қатардағы солтүстікқазақстандықтардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсірмейді дейді.

Шұғайып Ибатуллин – “Қазсушар” РМК СҚФ директорының міндетін атқарушы:

– Мәселен, “Есіл су” мекемесінің жылдық шығындарындағы біздің үлесіміз – небәрі 0,2 процент. Ал “Қызылжар су” бізге жылдық бюджетінің жарты пайызын ғана береді. Сондықтан, тарифтің өсуі бұл кәсіпорындардың қаржылық жағдайына қатты әсер етпейді. Сондықтан, ауыз су құны шарықтайды деп қорқудың қажеті жоқ.

Одан қалды, “Қазсушар” қымбаттаған тариф 2025-ке дейін әр жыл сайын тағы жарты процентке ұлғайып отырсын деген сұрау тастаған. Шұғайып Ибатуллиннің сөзінше, бұл манағы 3 гидроторапты кезең-кезеңмен күрделі жөндеуден өткізуге мүмкіндік береді. Қазір олар қанағаттанарлық күйде, дегенмен тораптар осыдан жарты ғасыр бұрын тұрғызылған. Сондықтан, жаңғырту жүргізілмесе, нысандар тез ескіріп, апаттық жағдайға ұшырауы мүмкін. Олай болған жағдайда күллі облыс суыз қалады.

Саят Ермек