Балалар

«Айбын-2020» республикалық әскери-патриоттық жиыны өткізілуде

Мықты да тапқырлардың сайысы. Қыркүйектің 28-інен бері ел көлемінде «Айбын-2020» республикалық әскери-патриоттық жиыны өтіп жатыр. Қазіргі күні додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 40-қа жуық команда қатысуда. Бүгін жиынның 6-шы кезеңі ұйымдастырылды. Жеткіншектер белтемірге тартылып, онлайн режимде қазылардың бағасын алды.

Бұған дейін жерлестеріміз әскери тақырыпта берілген тапсырмаларды орындап, ой жарыстырған болатын. Ал қазір күш сынысатын сәт. Мына тұрған белтемірге ең көп тартылған команда мүшелері 1-орынды иеленбек.

Жаттықтырушының нұсқауынан кейін сайыс басталып кетті. Алғаш болып белтемірге Ақмола облысының жігіттері тартылды. Олар Щучинск қаласынан онлайн байланысқа шығып, қазылар алдында өнерлерін көрсетті. Кейін жерлестеріміздің де кезегі келді. Мират Әскеров 13 жасынан бастап «Воркаут» спортымен айналысады екен. Ұзақ жылғы тәжірибе болар, бүгін 10-шы сынып оқушысы иегін белтемірден 23 мәрте асырып, өз командасы бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Мират Әскеров – «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» ҚБ мүшесі:

– Біз бұл жарысқа ұзақ уақыт дайындалдық. Командадағы жігіттердің барлығы турникке жақсы тартылады. Осы жолы жеңіске жетеміз деп сенемін.

Жалпы, «Айбын-2020» республикалық әскери-патриоттық жиынына өңірімзден жалғыз команда қатысуда. Сайдың тасындай іріктелген 10 ұл мен 5 қыз. Қазіргі күні жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте үздік бестіктің қатарында.

Қанат Сәдуақас – СҚО өңірлік дене тәрбиесі, спорт және АӘД оқу-әдістемелік орталығының басшысы:

– Осыған дейін «Айбын» жиыны 5 рет жазда Қарағанды облысының Спасск әскери лагерінде өткізілген болатын. Биыл ол пандемияға байланысты онлайн форматта өткізіліп жатыр. Жарысқа қатысу үшін біз облыстық деңгейде сайыс өткізген болатынбыз.

Бүгін команданың нәзікжандылары жігіттерді қолдау үшін келіп отыр. Алда әлі 7-ші, яғни ақтық кезең бар. Қараша айының соңында ұл-қыздар бірігіп әскери тақырыптағы түрлі сұрақтарға жауап береді және автоматты шашып-жинаудан жарыспақ. Бұл сайыста есе жібермейміз дейді жастарымыз.

Бердімұрат Баймұқан