Халық тарих толқынында

75 жылдан кейін жеткен Орден

75 жылдан кейін жеткен марапат. Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлесіміз Яков Плешивцевқа  кезінде берілуі тиіс болған “II дәрежелі Отан соғысы” Ордені  бүгін ұрпағына табыс етілді. олтүстіктікқазақстандық жауынгер 314-ші атқыштар дивизиясы құрамында соғысқан. Кезінде бұл әскери бөлімнің жалпы 12 мыңнан астам сарбазына орден-медальдар берілген екен.

314-ші атқыштар дивизиясы. 41-ші жылы Петропавлда құрылған әскери бөлім құрамында 10 мыңнан астам ер азамат болған. Қайтпас қайсар жауынгерлердің 70 пайызы солтүстікқазақстандықтар еді. Арасында 39 жастағы Яков Плешивцев та болды. Сарбаздар 1 айда дайындықтан өтіп, кейін майданға жіберілді.

Николай Плешивцев – Яков Плешивцевтің ұлы:

– Әкем дивизия қатарына қосылған кезде мен дүниеге келдім. Соғысқа аттанар алдында жүзімді де көре алмаған. Ол Свирь өзені бойында және Ленинград облысындағы шайқастарға қатысты. Тағы бірнеше жерді фашистерден азат етуге ат салысты. Бұл жайлы маған анам айтқан болатын. Әкем соғыс туралы әңгімелеуді аса қаламаушы еді.

Ұлы Отан соғысы аяқталып, жеңіске жеткен жылы Николай Плешивцевтің де әкесі Отанға оралды. Майданның ортасында жүріп бірнеше жерінен ауыр жарақат алған. Тіпті, қолына оқ тиіп, оны кесуге тура келген. Яков Плешивцев Есіл ауданындағы Покровка селосында механизатор болып қызмет етіпті. 69-шы жылы өмірден өткен. Ардагер өзінің «II дәрежелі Отан соғысы» Орденінің иегері екенін де білмей кетті. Марапат жайлы бертін келе ұлы хабардар болған. Міне, 75 жыл өткен соң майдангердің ұрпағына Ресей елшілігінің Қазақстандағы әскери атташесі Талгат Юмадилов сол Орденді табыс етті.

Талгат Юмадилов – Ресей елшілігінің Қазақстандағы әскери атташесі:

– Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің көзсіз ерлігін жастар арасында насихаттау – біздің міндетіміз. Осы қаһармандардың арқасында қазір аспанымыз ашық, бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Енді соғыс мүлде болмасын деп тілеймін.

Одан соң жерлесіміз Александр Азеговқа да дәл осындай Орден табыс етілді. “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі соғыста із-түссіз жоғалған жауынгерлерді іздеуде біраз тер төккен.

Маржан Қасымбек