МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Петропавлда еріктілер қорғаныш құралдарын тегін таратты

Американдық профессор Анча Баранова адамдарға лифтіден бас тартып, баспалдақты пайдалануға кеңес берді. Биологтың сөзінше, коронавирустық инфекцияны жеделсатыда жұқтырып алу қаупі аса жоғары. Қазақстандық санитарлар болса, халықты маска тағуға үгіттеуден жалықпақ емес. Бетпердені бірінші кезекте вирусты басқаларға жұқтырмау үшін кию керек дейді олар. Петропавлдық еріктілер сөзден іске көшуді шешкен. Даладағы жауынға қарамастан бір топ белсенді жас / шаһар көшелеріне шығып, өткен-кеткенге қорғаныш құралдарын тегін таратты.

Саят Ермек – тілші:

– Бетперделердің тапшылығы бойынша ахуал тұрақталғалы қай заман. Қазір қорғаныс құралдарын кез-келген дәріханадан баяғыдай 150 теңге емес, қолжетімді 50-80 теңгенің маңайында сатып алуға болады. Ал қолайсыз ауа-райына қарамастан Петропавлдың бас көшесімен жүріп келе жатқан тұрғындардың жолы болды десек те болады. Олар 1 бетперде мен 1 жұп қолғапты тегін ала алды. Бұл – шаһар активистері ұйымдастырған акция.

Себелеп тұрған жаңбыр Конституция даңғылындағы қалалықтардың қатарын сиреткен. Бұған қарамастан еріктілер идеядан бас тартпақ емес. Жауын жаусын-жаумасын маска мен қолғап кию керек дейді.

Белсенді жастардың тартуын бұқара қуана-қуана қабылдауда. Акцияның мақсатын олар ұстаған мына баннерден-ақ байқауға болады. Бетпердеден бас тартуға әлі ерте. Алайда, бұл шарадан бейхабар ма, кім білсін, жолда кездескен полицей мырза еріктілерді тоқтатып, сұрақтың астына алды. Сәлден соң жіберді. Енді, игі іске қалай кедергі болсын?!

Әлфараби Мыңбай – СҚО жастар бастамалары орталығының консультант-талдаушысы:

– Соңғы санитарлық нормаға сәйкес көшеде жүрген әрбір жан маска тағып жүруі керек. Сол мақсатта, халыққа ескерту мақсатында осы акцияны ұйымдастырып жатырмыз. Қазір қанша ескерту айтылып жатыр. Соның өзінде кейбір адамдар маска таққылары келмейді.

Сөздің жаны бар. Пандемия тап бергелі 8-ші ай, бірақ бұқара арасында маскадан қайыр шамалы деген алып-қашпа әңгіме әлі де тыйылмай жатыр.

– Желіде бетперделер, керісінше, зиян тигізуі мүмкін деген хабарлар таратылуда. Бұл жалған ақпарат. Бетперде қалыпты газ алмасуға кедергі келтірмейді, адам оттегінің жетіспеушілігінен немесе көмірқышқыл газының артық болуынан зардап шекпейді және ауырып қалу қаупі жоғары емес.

Әли Жоламанов – қалалық жастар ресурстық орталығының еріктісі:

– Маған маска, қолғап таратуға шығасыз ба деген ұсыныс тасталды. Қолым бос болғандықтан келістім. Бұл – індетке қарсы күрестің бір түрі.

Тек күн райы оң қабақ танытпады. Бірақ, активистердің айтуынша, бұл бір күндік акция емес. Қалалықтарға арнап еріктілер маска мен қолғаптардың 2 мың данасын дайындап қойған. Олардың бәрін таратып бітпейінше тыным таппаймыз деп отыр.

Саят Ермек – тілші:

 – Маска мен қолғаптан бөлек, волонтерлер тұрғындарға мынандай жаднама қағазын таратты. Мұнда қауіпсіздік ережелері егжей-тегжейлі жазылған. Айта кетейік, мұндай акция апта бойы жүргізіледі. Волонтерлер көше бойындағы тұрғындарға ғана емес, қоғамдық көліктерде және халық көп жиналатын орындарда жұртшылыққа қорғаныс құралдарын таратпақ ниетте.

 

 

 

 

 

Саят Ермек