Халық тарих толқынында

ҰОС-та із-түссіз жоғалған айыртаулықтың сүйегі жер қойнына тапсырылды

Ұлы Отан соғысы басталғанда / Айыртау ауданынан / 10 мыңға жуық азамат / қолына қару алып, майданға аттанады. Фашистерге қарсы күресте / жауынгерлердің жартысына жуығы мерт болған. 1700-ден астам сарбаз хабар-ошарсыз кетті. Наурыз айында Украина жерінен / із-түссіз жоғалған батырлардың бірінің сүйегі табылды.

Қайыржан Тікшекеев 1916 жылы Айыртау ауданындағы Дәуқара ауылында дүниеге келген. Ұлт-азаттық көтеріліс болып жатқан кез. Жерлесіміз қиын-қыстау заманда өмір есігін ашқандықтан ба балалықпен ерте қоштасыпты. Өмірдің ащысын татып, ауыр жұмыс істеген. Әкесі оны он үшінде отау иесі еткен. Кейін 25-сінде, бұл 40-шы жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына алынып Ресейдің Сочи қаласына жіберіледі.

Марат Тікшекеев – Қайыржан Тікшекеевтің немересі:

– Ол кезде Мағрой есімді қызы болады. Дулат есімді ұлы болған. Осы кезде Қайни апамыз 3-шісіне аяғы ауыр болған. Атын Әскер деп қояды. Содан 41-ші жылы соғыс басталады. Ворошиловград, Светлогорск, Карлмаркс қалаларында болған.

Сарбаз майданның ортасында жүрсе де мүмкіндік тауып отбасына әр ай сайын хат жазып отырған екен. Оның 12 сағыныш жолдауы үйіне, батырды күтіп отырған жанұя мүшелеріне жетеді. Бірақ, одан кейін ешқандай хабар-ошар келмепті. Фашистер шегінген жылы ғана суық ақпар жетеді.

Марат Тікшекеев – Қайыржан Тікшекеевтің немересі:

– Соғыс біткен кезде «қара қағаз» келеді. Неше түрлі әңгімелер кетеді. «Сатқын» болды деп те айтты. Немістерге беріліп кетті, сонда үйленіп, қалды деді. Сатқын болмаған, окопта қалып қойған.

Бұл өлеңнің сөзін Қайыржан Тікшекеев жазыпты. Оны жұбайы Қайни апамыз орындап жатыр. Өкінішке қарай, зайыбы 95-ші жылы марқұм болған. Ақ жаулықты ана жұрттың айтқан сөзіне құлақ аспай, өмірінің соңына дейін серігін іздеген. Ресейге бірнеше рет барып, қалаларындағы архивтерді ақтарған.
Сүйікті әрі адал жардың арманы 79 жыл өткен соң ғана орындалды. Биыл Отан үшін отқа түсіп, су кешкен жауынгер Қайыржан Тікшекеевтің сүйегі табылды. Оның соңғы шайқасы Украинадағы Киев облысы Макаров ауданында болыпты. Сарбаз ұрыс кезінде денесіне оқ тиіп, окоптың ішінде сол күйі көміліп қалыпты. Денесін сол жақтың жергілікті іздеу тобы тапқан.

Анатолий Воронов – Айыртау ауданы ПБ бастығының орынбасары:

– Қатардағы Қайыржан Тікшекеевтің жатқан жерін украиналық «Вертикаль» іздестіру тобы наурыз айында тапты. Марқұмда аты-жөні, туған жері жазылған медальоны болды. Жанында соғыс туралы жазған күнделігі де жатты.

Фашистерге қарсы күресте мерт болған батырға туған жерінің топырағы бұйырды. Қайыржан Тікшекеевті талай жыл күткен ауылдастары мен ұрпағы марқұмды арулап, жер қойнына тапсырды.

Маржан Қасымбек – тілші:

– 41-ші жылы Дәуқара ауылынан қан майданға жалпы 115 ер аттанды. Соғыс кезінде солтүстікқазақстандық жауынгерлердің 70-тен астамы із-түссіз жоғалған. Ал Отан үшін от кешкен батырлардың қалғаны туған жеріне оралып, өмірінің соңына дейін халықтың игілігі үшін қызмет етіпті.

Қасым Нұрғалиев – ардагер ұстаз:

– Майданнан келген жауынгерлер Дәуқарада әр түрлі қызмет жасады. Мұғалім, механизатор, малшы болғандар да бар. Барлығы жастарға үлгілі тәлім-тәрбие берді. Ерлік, отансүйгіштік туралы айтып өтті.

Өкінішке қарай, ауылдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің барлығы о дүниелік болыпты. Бүгінде ауыл тұрғындарының тілегі – кезінде хабар-ошарсыз кеткен өзге де сарбаздардың сүйегін тауып, кіндік қаны тамған туған жерінің қойнына тапсыру.

 

 

 

Маржан Касымбек