Энергетика

Келесі жылы жылудың құны өседі

Келесі жылдан бастап облыс орталығының тұрғындары үшін жылудың құны көтерілмек. Бұл туралы / “Севказэнерго” АҚ өткізген қоғамдық тыңдау барысында айтылды.

Соңғы рет тариф 2019-да бекітілді. Оған сәйкес бүгінде қала тұрғындары жылудың әр гигакалориясы үшін 2741 теңге төлейді. Араға 2 жыл салып, Петропавл жылу желілері бағаны өзгертуді шешкен. Мамандардың есептеуі бойынша 2021-де тарифті 66,7 пайызға арттырып, 4570 теңгеге дейін жеткізу керек. Келесі 4 жылда құны біртіндеп көтеріліп, барлығы / 15 процентке өсім жоспарланып отыр. Сонда, 2025 жылы қалалықтар жылудың әр гигакалориясы үшін 5267 теңге төлемек. Тарифтің өсуіне нарықтағы өзгерістер себеп болып отыр. Мәселен, көмір мен оны тасымалдау бағасы бір орында тұрмайды. Сондай-ақ, компания еңбеккерлерінің де жалақысын арттыру маңызды. Ал, ең бастысы – тұрғындарды жылумен сапалы қамту. Ол үшін уақытылы модернизация жасау керек дейді серіктестік басшылығы. Тарифті өсіру туралы ұсынысты кәсіпорын / Табиғи монополияларды реттеу комитетіне жолдады. Жылудың нақты құнын аталған орган бекітетін болады.

Маржан Касымбек