МТРА жаңалықтары

Ауылдағы алғашқы Ашық әкімдік іске қосылды

Ауылдағы алғашқы / Ашық әкімдік. Тайынша ауданына қарасты Келлеровка селосында / фронт-кеңсе жұмысын бастады. Мұнда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, жұмыспен қамту мен жер қатынастарын реттеу секілді маңызды қызмет түрлері көрсетіледі. Айта кетейік, бұл – өңірімізде іске қосылған 13-ші Ашық әкімдік.

Тегін интернет пен өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы. Бұл – Тайынша ауданына қарасты Келлеровка селосындағы ашық әкімдік. Қазіргі күні мұнда 4 маман жұмыс істейді. Олар ауыл тұрғындарына 8 бағыт бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді.

Ерлан Жаров – Тайынша ауданы әкімінің орынбасары:

– Әр әкімдікте халықтың өз-өзіне қызмет көрсету орындары болғаны жақсы. Мәселен, былтыр Тайынша ауданында тұрғындар мыңға жуық қызмет алса, биыл бұл көрсеткіш 9 айдың ішінде 13 есеге көбейді. Яғни, жерлестеріміздің цифрлық сауаттылығы артып келеді.

Әдетте, жерлестеріміз бір құжатты алу үшін түрлі мекемелерді аралап, уақыттарын шығындайтын. Тұрғындар ең көп жүгінетін мамандар бір кабинеттің ішінде орналасқан. Сәйкесінше, бұл – сұрақтың жылдам шешілуіне мүмкіндік береді.

Людмила Заболотная – Келлеровка селосының тұрғыны:

– Мен жақында Тайыншадағы халыққа қызмет көрсету орталығына құжат рәсімдеуге бардым. Біз сияқты егде жастағы адамдарға бұл қиын. Себебі, қалаға дейін көлік жалдаймыз, кейін барған соң орталықта жарты сағат кезекте отырамыз. Өйткені, жан-жақтан келген адамдар көп. Мамандар барлығына бірдей қызмет көрсетіп үлгермейді. Мұндай фронт-кеңселер көптеп ашылса, ауыл тұрғындарының мәселесі шешіледі деп ойлаймын.

Айта кетейік, бұл – ауыл деңгейінде ашылып жатқан алғашқы ашық әкімдік. Бұрын мұндай кеңселер тек аудан орталықтарында ғана жұмыс істеді. Енді мұнда Келлеровканың ғана емес, жақын маңдағы елді мекен тұрғындары да келіп, қажет қызметті ала алады.

Алик Шпекбаев – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Қазіргі заманда жастар компьютер мен смартфонды жақсы меңгерген. Олар мемлекеттік қызметті ешкімнің көмегінсіз өз беттерінше үйде отырып ала берулері тиіс. Ол үшін мектеп оқушылары мен студенттерге информатика сабағы егжей-тегжейлі оқытылуы тиіс. Ал егде жастағы адамдарға өз-өзіне қызмет көрсету орындарында мамандар бағыт-бағдар беріп, көмектеседі. Биыл біз мемлекеттік қызметтердің 90 пайызын электронды форматқа ауыстырамыз.

Өңірімізге жұмыс сапары барысында Алик Шпекбаев Аққайың ауданындағы Смирново селосында да болып қайтты. Мұндағы Ашық әкімдік өткен жылдың қарашасында ашылған болатын. Бүгінге дейін мамандарға 600-ден астам адам жүгінген екен. Жалпы, биыл өңірімізде тағы 2 Ашық әкімдік іске қосылады. Фронт-кеңселер Мағжан Жұмабаев пен Есіл аудандарында жұмысын бастамақ.

 

 

 

Бердимурат Баймухан