Аптадағы маңызды жаңалықтар

Алик Шпекбаев өңірдегі бірқатар нысанды аралады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының / өңірімізге жасаған жұмыс сапары екі күнге жалғасты. Келесі күні Алик Шпекбаев бірқатар нысанды аралап, ондағы қызметкерлермен тілдесті, атқарылып жатқан шаруамен танысты. Кейін, жұртшылықпен кездесу өткізді.

Осыдан бір ай бұрын Бескөлде “Ашық әкімдік” фронт-офисі ашылды. Мұнда қазір қызметтің түр-түрі көрсетіледі. Шаруамен сенбінің таңында өңірге жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев танысты. Нысан ішін де аралап, өзінің оң бағасын берді.

Алик Шпекбаев – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– “Ашық әкімдік” фронт-офисінің іші кең екен. Күту залы да бар. Түрлі қызметтер көрсетіледі. Менің ойымша адамдарды толғандырған проблемалар облыстық, республикалық деңгейде емес, дәл осындай орталықтарда шешімін табуы тиіс.

Бескөлдегі “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі бір ай ішінде 400 азаматты қабылдапты. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, енді мемлекеттік қызметті алу үшін табалдырық тоздырудың қажеті жоқ. Бәрі бір жерде шешіледі. Нәтижесінде уақыт үнемделеді.

Зиягүл Жапарова – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Осындай жаңа бастамалар қуантып жатыр. Бұрын бірнеше жерге барып, уақытымызды жоғалтантынбыз. Сол себепті, тұрғындардың атынан облыс, аудан әкіміне алғысымызды білдіреміз.

Алик Шпекбаев жергілікті тұрғындардың пікірін тыңдап болған соң Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасовқа және оның қарамағындағы мамандарға адамдарды күн сайын қабылдап, түйткілді сұрақтармен жіті танысып тұру қажеттігін айтты.

Енді жергілікті ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері де толғандырған сұрақтарын бір жерде шеше алады. Себебі, облыс орталығында шаруаларға түрлі бағытта кеңес беріп, 50-ге жуық мемлекеттік қызмет көрсететін “AGROKOMEK” сервис орталығы ашылды. Бұл – республика бойынша алғашқы әрі жалғыз ұйым.

Мынау – болашақ электротехникалық зауыт. Қазір өндіріс орны қалыпқа келтіріліп жатыр. Құрылыс алаңында шаруа қызу.

Сұлтан Ілиясов – «Alageum Electric» АҚ бизнесті дамыту жөніндегі директоры:

 – Кәсіпорын 2021 жылдың екінші тоқсанында іске қосылады. Жоспар бойынша жылына 12 мың дана трансформатор шығаратын боламыз. Дайын өнімнің 95 пайызын көрші елдерге экспорттаймыз. Өндіріс ошағының тамырына қайта қан жүгірту үшін “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша 6,8 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылды.

Айта кетейік, өндіріс ошағы келесі жылдың мамыр айында қолданысқа тапсырылады. Нәтижесінде 300-ден астам жаңа жұмыс орны пайда болады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бұл – бұрынғы МЛД зауытының орны. Көп жылдар бойы нысан қаңырап бос тұрды. Ғимаратты әкімдік балансына өткізіп, бұл жерде арнайы экономикалық аймақ құрдық. Енді болашақта зауыттың жанынан 300 жұмысшыға арнап көпқабатты үй тұрғызамыз.

Ал, бұл – 200 орындық инфекциялық аурухана. Құрылыс жұмыстары тамыз айынан бері жүріп жатыр. Бүгінде істің 90 пайызы тәмамдалды. Осы жұманың соңында шаруа толыққанды аяқталып, нысан қолданысқа тапсырылады.

Кейін, Алик Шпекбаев қалалық әкімдікте орналасқан “іkomek” орталығының жұмысымен танысты.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– «iKomek» орталығы өз жұмысын өткен жылдың соңында бастады. Орталықта коммуналдық мекемелердің байланыс қызметтері топтастырылған. Қала тұрғындары мамандарға 109 желісі арқылы қоңырау шалып, шұғыл мәселелерін жеткізе алады. Жыл басынан бері халықтан 100 мыңнан астам қоңырау келіп түсті.

Нысандарды аралап болған соң аймақ басшысы Құмар Ақсақалов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыстық кітапханада жұртшылықпен кездесу өткізді. Жиында Алик Шпекбаев республика аумағында бармақ басты, қөз қыстылық фактілерін болдырмау мақсатында жасалып жатқан жұмыстармен бөлісіп, біздің өңірдегі ахуалға өз бағасын берді.

Алик Шпекбаев – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Мен СҚО-ға жыл сайын келемін. Өңірлер арасындағы статистикаға көз жүгіртсек, аққайындар өлкесінде сыбайлас жемқорлық санының аз екенін байқаймыз. Бұл – атқарылып жатқан ауқымды шаруаның нәтижесі.

Агенттік төрағасы мен облыс басшысы Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд селосына да ат басын бұрды. Мұнда Алик Шпекбаев пен Құмар Ақсақалов биыл күрделі жөндеу көріп, “Қызылжар Абай” орта мектебі атанған білім ошағына бас сұқты. Оқу ұясы соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған, балалар мұнда жоғары сапалы білім алады.

Ешкенова Дана